Калифорнияда орман өрті ең қауіпті деңгейге жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Калифорнияда орман өрті ең қауіпті деңгейге жетті

08.12.2017

АҚШ-та алапат орман өртінен жүздеген мың адам қашты. Аймақ тұрғындары мұндай қауіпті бұрын көрмеген. Соңғы мәліметке қарағанда, 50 мыңдай гектар жасыл желек күлге айналды. Ал, Лос-Анджелесте төтенше жағдай жарияланып отыр.

АҚШ-тың Калифорния штатына алапат орман өрті бұрын мұнша қауіп төндірген емес. 200 мыңға жуық адам үйін тастап кетуге мәжбүр болса, 50 мың гектар алқап күлге айналған. Қазір шамамен 12 мыңдай ғимаратқа қатер төніп, 150-ден астам үйді от шарпыды. Лапылдаған жалыннан, әсіресе, Вентура округы көп зардап шегіп отыр. Сондай-ақ, Лос-Анджелесте төтенше жағдай жарияланды. Жергілікті Калифорния университетінде дәріс доғарылып, студенттер жаппай көшіріліп жатыр. Мектептерде де сондай жағдай. Әзірге өртті толық сөндіру мүмкін болмай тұр. Тек 5 пайызы ғана өшкен. Өйткені, жел кедергі.

Эрик Гарсетти, Лос-Анджелес мэрі:

- Алдағы күндері екпінді жел бәсеңдейді деген болжам бар. Қазір оның жылдамдығы сағатына 110 шақырымға жетіп отыр. Қуаңшылық пен аптап ыстық өртті сөндіруге үлкен кедергі.

Кейбір аудандарда халықты эвакуациялау мәжбүрлі түрде жүріп жатыр. Көптеген елді мекендерде электр сымдары зақымдалып, Калифорния бойынша 250 мыңнан астам тұрғын жарықсыз қалған. Жергілікті өрт сөндіру қызметінің басшысы Кен Пимлоттың сөзінше, мамандар тілсіз жаумен күні-түні көз ілмей күрес жүргізіп жатыр.

Мэнди Дуган, жергілікті тұрғын:

- Бізге ең үлкен қауіп төндіріп тұрған - фермалар маңындағы пальма ағаштары. Олар тез тұтанып, тіпті, факел секілді жанады. Бұған күшті желді қосыңыз.

Чип Бартлей, куәгер:

- Мұндай алапат орман өртін бұрын көрмеген едім. Бізде үрей басым, үйлеріміз не болады деп қорқып отырмыз. Дегенмен, өрт сөндірушілер жылдам жұмыс істеп отыр. Шамам келгенше өзім де өзгелерге қосылып, оларға көмектесіп жатырмыз.

Тіпті, Голливудтың атақты жұлдыздары тұратын ең бай Бель-Эйр ауданы да көшірілді. Жергілікті тұрғындар құнды заттарын, қымбат картиналарын жанталасып әкетіп жатыр. Мұнда белгілі адамдар Бейонсе және Илон Маск тұрады. Сонымен қатар, әйгілі медиа магнат әрі миллиардер Руперт Мердоктың 28 миллион доллар тұратын поместьесі мен атақты «Гетти» мұражайына да қауіп төніп тұр. Бұл музейде Леонардо да Винчи, Ван Гог және Тернер картиналары сақталған. Лаулаған от Тынық мұхитының жағажайларына да жетіп қалды.

 

Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу