Йемен президенті халықты көтеріліске шақырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Йемен президенті халықты көтеріліске шақырды

05.12.2017

Йеменнің Сауд Арабиясына қашқан президенті халқын шиит-хуситтерге қарсы көтеріліске шақырды. Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл мемлекетте зорлық-зомбылықтың өршуіне алаңдап отыр. Араб Республикасындағы жағдайдың ушығуына экс-президент Салехтың қастандықтан қаза табуы себепші.

Соңғы бір аптада Йемен астанасы Санада қарулы қақтығыс күшейді. Онсыз да мұнда үш жылдан бері ираншыл шиит-хуситтер Сауд Арабиясы мен Батысқа арқа сүйеген үкімет жақтастарымен соғысып жатыр.

Ал, осыдан бірер күн бұрын сол хуситтерге одақтас – экс-президент Әли Абдулла Салех Ираннан түңіліп, Саудияның жағына шықты. Салехтың ойынша, хуситтер Тегеранның айтағына көніп, көрші елдермен жауласып, билікке таласып, Йеменді алапат аштыққа ұшыратты.

Алты күнде Салехтың қолдаушылары мен хуситтер арасындағы атыстардан 125 адам қаза тауып, 238-і жараланды. Бұл жанжалдың нәтижесі сол – мемлекеттің бұрынғы басшысы дүйсенбінің кешінде қастандықтан қаза тапты. Салехтың өлімінен кейін елдің Сауд Арабиясына қашқан президенті халықты хуситтерге қарсы көтеріліске шақырып отыр.

Әдд Раббу Мансұр Хади, Йемен президенті:

- Мен Йеменнің ұлы халқына құрбандар үшін көңіл айтамын. Бұрынғы президент Әли Абдулла Салех отбасының да қайғысына ортақпыз. Ал, барлық провинциялардың халқын террористер мен қылмыскерлерге қарсы көтеріліп, олардың билігінен бас тартуға шақырамын.

Хуситтер Салехтың көлігін Сананың шетінде РПГ ракетасымен қорқытып тоқтатып, содан кейін өзін атып кетті. Көп кешікпей бұл туралы видео бүкіл әлемге тарап, экс-президенттің мерт болғанына күмән қалмады.

Әли Абдулла Салех 1942 жылы дүниеге келді. Ол Йеменді 33 жыл басқарып, 2011 жылғы «Араб көктемі» революцияларынан кейінгі толқулар нәтижесінде орнынан кетуге мәжбүр болды.

Одан кейін шииттер бас көтеріп, мемлекет астанасы мен бірқатар провинцияларды жаулап  алды. Елде Иранның ықпалы күшейді. Йемен араб монархияларының шабуылына ұшырап қана қоймай, блокадасына да түсіп, миллиондаған адам аштыққа душар болды.

Марк Лоукок, БҰҰ-ның гуманитарлық және төтенше көмек жөніндегі өкілі:

- Йеменде 25 миллион адам тұрады. Соның 20 миллионына көмек қажет. Тағы 7-8 миллион тұрғын аштыққа ұшырап, шұғыл жәрдемге мұқтаж болып отыр.

Салехтың қазасы хуситтерге рух берсе, сүнниттік Саудия бастаған коалицияға үлкен соққы болып тиді. Қазір сол коалицияның алдында екі жол ғана тұр: не соғысты әрі қарай жалғастыру, не шиитермен бейбітшілік жөнінде келіссөз жүргізу.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу