Сауд Арабиясының астанасында Ислам әскери коалициясының штаб-пәтері орналасатын болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сауд Арабиясының астанасында Ислам әскери коалициясының штаб-пәтері орналасатын болды

27.11.2017

Бұл одақ Мысырдағы оқиғадан кейін терроризммен күресті күшейтетінін мәлімдеп отыр. Жаңа құрылған альянсқа әлемнің ондаған мұсылман мемлекеті кіреді. Оның негізгі мақсаты не? Бұл сауалға Арыстан Рысбек жауап іздеп көрді.

Мысырдағы қырғын Ислам әскери коалициясын терроризммен, экстремизммен күреске тіпті ынталандырмақ. Мұны Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мохаммед бин Салман әр-Риядта өткен халықаралық конференцияда мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетсек, жұма күні «ДАИШ»-тың туын ұстаған қарулы топ Солтүстік Синайда мешітке шабуыл жасады. Қарулы топ бомба жарып, далаға қашқан мұсылмандарға ұзақ уақыт бойы оқ жаудырған. Кемінде 305 адам қаза тапты. Құрбандардың 28-і – балалар.

Мұхаммед әл-Исса, Мұсылман әлемі лигасының бас хатшысы:

- Қоғамда байбалам мен үрей тудыратын және идеологияға жүгініп, мүлікті жоятын ұйымдасқан әрекеттер терроризмге жатады. Лаңкестікке жалпы алғанда осындай қысқаша ғана сипаттама беруге болады.

Мысырдағыдай қантөгістерге қалай жол бермеуге болады? әр-Риядта өткен жиында Ислам әскери колациясы осы мәселені де талқылады. Басқосуға осы альянсқа кіретін 40 елдің өкілдері қатысты. Олар – Таяу Шығыс, Африка, Оңтүстік және Шығыс Азияның мұсылман мемлекеттерінен жиналған делегаттар.

Айта кетсек, бұл ұйымның құрылғанын Саудия ханзадасы Мұхаммед бин Салман осыдан екі жыл бұрын жариялады. Осы жолғы кездесуде Ислам әскери коалициясы өзінің штаб-пәтерін әр-Риядта орналастыруға келісті.

Әбдулелах әс-Салех, Ислам әскери коалициясының терроризммен күрес жөніндегі бас хатшысы:

- Ислам әскери коалициясы Сауд Арабиясының астанасы әр-Риядта штаб пәтерін аша отырып, өзіне жүктелген міндеттерді орындау жолындағы мұқтаждықтарын қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ, мұнда әрі қарай жұмыс істеуге қажетті заң нормалары мен ережелер қабылданады.

Ислам әскери коалициясының негізгі мақсаты – бір-біріне қарулы күштермен жәрдемдесу, қаржылай көмек беру. Сонымен қатар, бұл ұйым қауіпсіздік пен барлау мәселелеріне мән беріп қана қоймай, террористерді қаржыландырушылармен, олардың идеологиясымен де күресіп, әлемде Ислам дінінің беделін қорғауға да күш салмақ. Алайда, кейбір сыншылардың пікірінше, Сауд Арабиясы жаңа одақ аясында қаражат пен қару ұсына отырып, Африка мен Азияның кедей елдерінде өзінің сыртқы саясатын жүргізуді көздеп отыр.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу