Мугабе биліктен кетудің орнына халқына қайырлы түн тіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мугабе биліктен кетудің орнына халқына қайырлы түн тіледі

20.11.2017

Әлемнің ең қарт президенті Роберт Мугабе қызметтен кетудің орнына, халқына қайырлы түн тіледі. Мұндай мәлімдемені 93 жастағы лидер телевизиялық үндеуінде жасады.

Бұған дейін билікті күшпен басып алған әскерилер отставкаға өз еркімен кету туралы онымен бірнеше рет келіссөз жүргізді. Сондай-ақ, Мугабе партия басшылығынан да аластатылды. 

Роберт Мугабе осыдан бірнеше күн бұрын вице-президентті қызметтен босатып, өз орнына 53 жастағы әйелі Грейс Мугабені тағайындамақ болғаны үшін генералдардың қаһарына ілікті.

Армияның талабы бойынша Мугабе бүгін жергілікті уақытпен сағат 12-де президенттіктен кетуі тиіс еді. Енді парламент оған импичмент жариялауы мүмкін. Сонымен қатар, әскерилер қасарысқан мемлекет басшысын наразы халықтан қорғамайтынын ескертіп отыр. Соған қарамастан, Мугабе келесі айда өзі жетекшілік еткен партияның кезекті съезіне төрағалық ететінін мәлімдеді.

Роберт Мугабе, Зимбабве президенті:

- Конгресс бірнеше аптадан кейін өтеді. Ол процеске өзім төрағалық етемін. Сондай-ақ, алдағы жиынның кедергілермен шырқы бұзылмауы тиіс. Баршаңызға рахмет, жайлы жатып, жақсы тұрыңыздар.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу