Оңтүстік Кореяда 5,4 баллдық жер сілкінісінен 1500 адам үйсіз қалды

16.11.2017

Оңтүстік Кореяда 5,4 баллдық жер сілкінісінен 1500-дей адам баспанасыз қалып, 57-сі жараланды. Зардап шеккендер қауіпсіз жерлерге орналастырылып, оларға көмек көрсетіліп жатыр. «Associated Press» агенттігінің хабарлауынша, дүмпу ошағы елдің оңтүстік-шығысындағы порттық Пхохан қаласының маңында 9,3 шақырым тереңдікте анықталды. 

Табиғи апаттан 1000-ға жуық үй қирап, ондаған ғимарат бұзылып, көліктер зақымдалған. Апатқа байланысты университеттерде оқу-жаттығулар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, ел астанасы Сеулден 300 шақырым қашықтықта да жер теңселген.

Айта кетсек, былтыр қыркүйек айында осы аймаққа жақын орналасқан Кенджу қаласында 5,8 баллдық зілзаладан ондаған адам жараланған болатын.

 

Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ    

Хабарламаларға жазылу