АҚШ конгресі Трамптың ядролық соққы беру өкілеттілігін талқылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ конгресі Трамптың ядролық соққы беру өкілеттілігін талқылады

15.11.2017

Сенаторлар бұл мәселені 1976 жылдан бері алғаш рет көтеріп отыр. Олардың кейбірі президент жауапсыз түрде атомдық соғысты бастауы мүмкін деп қауіптенеді. Ал, екінші жақтың пікірінше, мемлекет басшысының еш кедергісіз тез қимылдауына мүмкіндігі болуы тиіс.

Айта кетсек, тамызда Трамп Солтүстік Корея ядролық бағдарламасын доғармаса, оған әлем көрмеген «от пен қаһар» шашатынын ескерткен еді. Сенаттағы бір тараптың ойынша, Трамп - қызба және шешім қабылдауда жүйесіз. Сондықтан, оның жарлығы барлық деңгейде келісілуі тиіс. Ал, қарсы жақтың сөзінше, АҚШ-қа шабуыл жасалған жағдайда президенттің шұғыл әрекет етуіне заңгерлер ешқандай кедергі жасамауы керек.

Пікірталас соңында сенаторлар ядролық арсеналды модернизациялау қажет деген ортақ тоқтамға келді.  

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу