Иран-Ирак шекарасында зілзаладан құрбан болғандардың саны 340-тан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Иран-Ирак шекарасында зілзаладан құрбан болғандардың саны 340-тан асты

13.11.2017

Иран-Ирак шекарасында алапат жер сілкінісі құрбандарының саны көбейіп келеді. Табиғи апаттан әсіресе, Иранның Керманшах провинциясы көп зардап шекті. Иранның «ИРНА» агенттігінің хабарлауынша, жер дүмпуі 14 провинцияда сезілген.

Ирак-Иран шекарасында 7,3 баллдық жер сілкінісінен құрбан болғандардың саны 348-ге жетті. Шамамен 5953 адам түрлі деңгейде жараланған. Дүмпудің ошағы – Ирактың шығысындағы Халабджа қаласынан 31 шақырым қашықтықта анықталды.

Иран құтқарушыларының мәліметінше, 70 мыңдай адам баспанасыз қалып, көмекке зәру болып отыр. Мерт болғандардың көбі - Керманшах провинциясының батысында. Талай үй жермен-жексен болып, ауруханалар қирады. 

Керманшах тұрғыны:

- Басында біз жер сілкінісі болғанын түсінбей қалдық. Үйлер теңселе бастады, заттарымыз құлады. Адамдар у-шу болып, опыр-топыр далаға қашты. Бір уақытта жарық сөнді.

Ресми ақпаратқа қарағанда, Иракта 7 адам мерт болып, 535-і жараланды. Мұнда табиғи апаттан Күрдістан автономиясы көбірек зардап шекті. Куәгерлердің айтуынша, әуелде мұнда дүмпу басталғанда халық бомба жарылды деп ойлаған. Дарбандихан қаласындағы жағдай ауыр. Ал, таулы аймақтардағы үйлердің көбі саз кірпіштен тұрғызылғандықтан, зілзалаға шыдамай тез құлады.

Жергілікті тұрғын:

- Дала қатты суық, бірақ, үйге қайтып бара алмай отырмыз. Бұл күшті дүмпу болды. Мен екінші қабатта тұрамын, астына түсе аламын ба, аман қаламын ба деп қатты қорықтым.

Осыдан бірнеше сағат бұрын Түркия Солтүстік Иракқа гуманитарлық көмек жіберді. Онда 3 мыңдай шатыр мен электр пеші, 10 мыңға жуық төсек орын мен жиһаз бар. Қажетті жабдықтар әскери ұшақпен жөнелтілді.

 

Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу