Ақ үй: Трамп пен Путин Данангта кездеспейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақ үй: Трамп пен Путин Данангта кездеспейді

10.11.2017

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Кремль басшысы Владимир Путин Вьетнамда кездеспейді. Мұны бүгін Ақ үй хабарлады. Ондағы мәлімет бойынша, екі лидер жұмыс кестесі сәйкес келмегендіктен, жүздесе алмайды.

Путин мен Трамптың ұшақтары Дананг қаласының әуежайына осыдан бірнеше сағат бұрын қонды. Олар Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін Вьетнамға барып отыр. Бұл ұйымға осы өңірдің 21 елі мүше. Және де сол мемлекеттерге дүниежүзілік жалпы ішкі өнімнің 60 пайызға жуығы тиесілі.

Бұған дейін, Ресей мен АҚШ президенттері Данангта Сирия мен Корей түбегіндегі жағдайды талқылайды деген хабар тараған-ды. Бірақ, Трамптың Бейжіңге сапары барысында Құрама Штаттардың Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон бұл ақпаратты растаудан бас тартты.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу