Сооранбай Жәәнбеков президент болып сайланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сооранбай Жәәнбеков президент болып сайланды

16.10.2017

Елбасы құттықтау жеделхатын жолдаған Сооронбай Жеенбеков кеше өткен сайлауда дауыс берушілердің 54 пайыздан астамының дауысын жинап, жеңіске жеткен еді. Тәуелсіздік алған ширек ғасырдан астам уақыт ішінде екі бірдей төңкерісті бастан өткерген бұл ел халқы осылайша өздерінің 5-ші президентін сайлады.

Қырғыз билігіне Алмазбек Атамбаев қолдаған үміткер Сооронбай Жәәнбеков келді. Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сай, Жээнбековті елдің оңтүстік аймақтары мен Бішкек пен Ош тұрғындары қолдаған. Ал, оппозиция өкілі Өмірбек Бабановқа солтүстіктің жұрты дауыс берген.

Нұржан Шайылдабекова, Қырғыз Республикасы ОСК төрайымы:

- Мен Президент сайлауы өтті деп есептеймін. Сайлау айтарлықтай тыныш өтті.

Президент сайлауының екінші туры болмайды. Өйткені, дауыс беруге құқығы бар халықтың 50 пайыздан астамы саяси додаға қатысқан. Сайлауда социал-демократ Сооронбай Жәәнбеков 54 пайыздан астам дауыс жинап жеңіске жетті. Басты қарсылас Өмірбек Бабановқа сайлаушылардың 33 пайыздан астамы сенім білдірген. Алғашқы нәтиже жария болысымен Сооронбай Жәәнбеков «Атамбаев билікте болған 6 жылда қалыптасқан саяси бағыт өзгермейтінін» жариялады.

Сооранбай Жәәнбеков, Қырғыз Республикасы Президенттігіне үміткер:

- Кез келген мемлекет өзге егемен елге құрметпен қарауы тиіс. Олай болған күнде кез келген мәселе өзінен-өзі шешіледі. Біз солай жұмыс істеп келгенбіз. Біз барлық көршілерімізге үлкен құрметпен қатынасамыз. Солай бола да бермек.

Қалай болғанда да енді Президент болатын тұлға Алмазбек Атамбаев секілді билікті бір қолда ұстап тұра алмайды. Былтыр желтоқсанда ата заңдарына енгізген өзгеріске сай, көрші елде Премьер-министр мен Парламенттің құзіретті кеңейді. Ендігәрі үкімет басшысы мен депутаттар Президентті бір шыбықпен айдамаса да өзімен санастыратын халге жеткен. 

 

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу