Hubble жаңа жұлдыздың пайда болу сәтін фотоға түсірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Hubble жаңа жұлдыздың пайда болу сәтін фотоға түсірді

18.12.2015
Hubble жаңа жұлдыздың пайда  болу сәтін фотоға түсірді
Hubble жаңа жұлдыздың пайда  болу сәтін фотоға түсірді

Ғарышта жүрген Hubble телескобы Жер шарынан 1350 жарық жылы қашықтығында жаңа жұлдыздың пайда болу сәтін фотоға түсірді. NASA мамандары жұлдыздың пайда болу сәтіндегі сәулені «Жұлдызды соғыстар: Күштің оянуы» фильміндегі лазер қылыштарға ұқсататындықтарын айтқан.

Жиырма жылдан бері ғарышта жүрген Hubble телескобы галактикалар мен жұлдыздардағы, тұмандықтардағы түрлі процестерді фотоға түсіріп, жерге бағалы ақпараттар жолдап келеді. NASA мен ESA (Еуропа ғарыш агенттігі) бірлесіп ұшырған телескоп осы жолы Құс жолы галактикасындағы Орион В тұмандығында пайда бола бастаған жаңа жұлдызды тапты. Телескоп түсірген фотодағы көрініс фантастикалық фильмдердегі лазер қылыштарға ұқсайды. NASA-ның ғылыми миссиялар директораты басшыларының бірі Джон Грунсфелд: «Фантастикалық фильмдер әдетте инженерлер мен ғалымдарға тың идеялар беретіні бар. «Жұлдызды соғыстар» да содай фильмдердің бірі» деп атап өтті. Сол себепті, жаңадан пайда бола бастаған жұлдыздың сәулесін астрофизиктер лазер қылышына ұқсатыпты.

Әдетте астрофизиктер жұлдыздардың пайда болуына қатысты түрлі болжамдар айтатын. Ғалымдар алып жұлдыздар ғарыштағы газбен шаң-тозаңанан құралған тұмандықтардың уақыт өте келе жұлдызға айналатындығын алға тартады. Тұмандықтардың алдымен бірнеше бөлікке бөлініп, кейін сол бөліктердің жұлдызға айнала бастайтындығы туралы жиі айтылатын. Жаңа жұлдыз пайда болар сәтте айналасына аса қуатты газ бен жарық бөле бастайтын көрінеді. Hubble түсірген фотодағы сәулені ғалымдардың «лазер қылышы» деп атап жүргені содан.



Жалпы, астрофизиктер Құс жолы галактикасында 200-400 млрд жұлдыз бар деп есептейді. Жыл сайын тек осы Құс жолының өзінде Күннің салмағынан 3 есе, тіпті 10 есе ауыр тұмандықтарда жұлдыздар пайда болатындығы айтылып жүретін. Бірақ, дәл жұлдыздың пайда болу сәтін фотоға түсіру жиі кездесе қоймайды. Оның үстіне ғарыштағы «лазер қылышының» фотосын бұрын-соңды ешкім кездестірмеген.


Kaznews.kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу