Үнділер Британ патшайымының тәжіндегі гауһарды қайтаруды талап етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үнділер Британ патшайымының тәжіндегі гауһарды қайтаруды талап етті

13.11.2015
Үнділер Британ патшайымының тәжіндегі гауһарды қайтаруды талап етті
Үнділер Британ патшайымының тәжіндегі гауһарды қайтаруды талап етті


Үндістанның бірқатар кәсіпкерлері, Болливудтың жұлдыздары «Кох-и-Нур» атты гауһар тасты қайтарып алу үшін соттасуды бастамақ. The Independent басылымының хабарлауынша үндістандық белсенділер Лондонның жоғары сотында іс қозғау үшін заңгерлерге жүгінген. Үнді заңгерлері мәселені Лондон сотында шешкісі келеді. Ол мүмкін болмаған жағдайда Халықаралық сотқа жүгінуге бел буып отыр.

«Кох-и-Нур» аталатын гауһар тас қазір Ұлыбритания патшайымының тәжінде орналасқан. Ұлыбритания бұл гауһар тасты королдіктің меншігі ретінде бағалайды. Алайда, үнді белсенділері 105 караттық, құны шамамен 152 млн доллар тұратын асыл тасты ағылшындардың ұрлап кеткенін алға тартуда.
Аңыздарға қарағанда «Кох-и-нур» гауһарының тарихы шамамен 5000 жылға кететін көрінеді. Ол санскрит жазбаларында Сиамантака жауһары деген атпен алғаш рет кездескен болса керек. Алайда, ресми түрде бұл гауһар туралы дерек 1526 жылы жазылған. Онда гауһар тастың Ұлы Моғол империясының негізін қалаушы Бабырдың қолында болғандығы айтылған. Одан бұрын 13 ғасырда Гвалиор раджасы иелік етіпті бұл тасқа. Ал, асыл бұйым ағылшындардың қолына ХІХ ғасырда түскен. Британия патшайымы Викторияның иелегінде болған тас қазір Елизавета патшайымның тәжінде тұр. Бірақ, әу баста 180 караттан астам салмағы болған асыл тастағы үнділік өрнекті жою үшін ағылшындар оны қайта өңдеген. Соның салдарынан тастың 42 пайыз салмағы жоғалса керек.

Ағылшындар тасты Пенджабтағы сикхтардың соңғы билеушісі Дулип Сингхтің өзі Виктория патшайымға бергенін алға тартады. Бірақ, үндістандық зиялылар асыл тасты елден белгісіз жағдайда Британ аралдарына тасымалданған көптеген мұралардың бірі санайды.

Үндістандықтар құрған «Сәуле шыңы» деп аталатын белсенді топтың мүшесі, Болливуд жұлдызы Бхумка Сингх «Кох-и-нур» тек қана 105 караттық асыл тас емес, ол біздің мәдениетіміз бен тарихымыздың ажырамас бөлшегі. Сол себепті бұйым кері қайтарылуы тиіс»,- деп мәлімдеді. Ал, заңгер Сатиш Жакху сот процесінде Холокост кезінде қолды болған заттарды қайтарған нормаларға сүйенетіндігін мәлімдеген.

Бірақ, Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон тасты қайтармайтындықтарын айтып үлгерсе, тарихшы Эндрю Робертс Үндістанның ағылшындықтардың көмегімен «ел болып, етек-жеңдерін жинағандарын, өркениетке жеткендіктерін» мәлімдеп, гауһарды ағылшындардың сол «еңбегінің» өтеуі ретінде бағалаған көрінеді.

Жалпы, гауһарды қайтару туралы пікір-таласты бастаған адамдардың бірі Сикх империясының соңғы махараджасы Дулип Сингхтың ұрпағы Джасвиндер Сингх Сандханвалия болатын. Ол бұл мәселені 2012 жылдан бері көтеріп жүр.


Kaznews.kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу