Асқар Мамин Татарстанда Дмитрий Медведевпен кездесті

23.08.2019

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путин негізін салып, дамытқан екі елдің стратегиялық әріптестігі одан әрі әлдене түспек. Татарстанда кездескен Қазақстан мен Ресейдің премьер-министрлері өзара ынтымақтың өзекті мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ, тараптар биыл сәуір айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге ресми сапары аясында қол жеткізілген келісімдерді іске асырудың жолдарын да қарады. Айта өтейік, Үкімет басшысы Асқар Мамин жұмыс сапармен Ресейде жүр.

Ресей — Қазақстанның басты сауда серіктесі. Былтыр екі жақты сауда көлемі 13 пайызға артып, 18,5 млрд долларға жетті. Ал биылғы жарты жылда тауар айналымы 8,8 млрд долларды құраған. Жемісті жұмыс жалғасады.

Қос елдің өнеркәсіптік кооперация бағытындағы байланысы да берік. Осы ретте Асқар Мамин Татарстанның заманауи «КамАз» кәсіпорынына барды. Бұл өнеркәсіппен біздің бірлескен жобаларымыз көп.

Сергей Когогин, «КамАЗ» ЖАҚ бас директоры:

Біздің Қазақстан нарығында жүргенімізге – 15 жыл. Осы аралықта біз 15 мыңдай көлік құрастырдық. Басқа да бағыттар бойынша өндірістің аумағын кеңейту ойымызда бар. Екі елдің Үкіметі қазір осыған қажетті шараларды қабылдап жатыр.

Премьер-Министр Татарстандағы мұнай өңдеу және тікұшақ зауыттарын да аралады. Сондай-ақ, Қазанда жетекші ресейлік халықаралық интернет дүкенінің басшысымен кездесті. Нәтижесінде осы компаниямен «Астана» халықаралық қаржы орталығы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Татарстанда басталған «WorldSkills  Kazan 2019» чемпионатының ашылуына да қатысқан Асқар Мамин еліміздің ұлттық құрамасымен кездесіп, оларға сәттілік тіледі.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу