Мәжіліс депутаттары мал шаруашылығын дамыту мәселелерін талқылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс депутаттары мал шаруашылығын дамыту мәселелерін талқылады

24.05.2019

Қазақстан былтыр екі мың тоннадан астам жылқы етін сырттан әкелген. Бидайы қырда, күріші сырда, құнарлы ел өз-өзін етпен қамтамасыз ете алмай отыр. Өз нарығымызда басқаларға орын беріп, ел ішіндегі нарықта кем дегенде 45 млрд теңге жоғалтамыз. Бүгін Мәжілісте ет және сүт өнімдерін өндіруді, экспорттауды дамыту тақырыбындағы парламенттік тыңдауда өзекті мәселер көтерілді.

Телеу Кушманова астың асылын ішіп, аттың арғымағын мініп, кәсібінен нәсіп көріп отырған жан. Қымыз, бал-қаймақ өндіреді. Алғашында үміттен күдік басым болса да, мемлекет қолдауының арқасында қазір жүздеген отбасын жұмыспен қамтып отыр. Өзі бір емес, төрт рет Елбасымен кездескен.

Телеу Кушманова, кәсіпкер:

- Кәсібімді мен 2014 жылы жол картасымен бастадым. Елбасы қолдауының арқасында осындай жетістіктерге жетіп отырмын. Ол кісі кәсіпкерлерге үнемі көмектесіп келеді.

Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге, шаруаларға қашан да қолдау орасан. Соңғы бес жылда субсидия көлемі екі есеге артып, 2018 жылы 76 млрд теңгеден асты. Алайда шешімін таппаған бірқатар мәселе бар. Ол ет, сүт өнімдерінің импорты. Құс еті импортының үлесі 51 пайыздан астам. Жыл сайын біз 6 мың тоннадан астам сары майды, 22 мың тоннаға жуық ірімшік пен сүзбені, 6 мың тоннадан астам ет консервілерін импорттаудамыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізді азық-түлікпен қамтамасыз етуге ерекше назар аударып келеді. Тұңғыш Президенттің 2018 жылғы 5 қазандағы жолдауына еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту міндетін қойған еді.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Сүт өнеркәсібі саласындағы басты мәселелердің бірі - сатып алу жүйесiнiң дамымауы, өнiмдi тасымалдаудағы жоғары шығындар. Бұдан басқа, қолданыстағы жабдықтардың ескіруі, өндірісті механикаландыру және автоматтандырудың төмен деңгейі.

Қазақстанның сыртқы нарықтарға ірі ет жеткізушісі болуына барлық жағдай бар. Тек оны дұрыс жүзеге асыра білу керек. Заң жағынан қамтамасыз ету үшін Парламентпен «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды мемлекеттік реттеу туралы», «Ветеринария туралы», «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» сияқты негізгі заңдар қабылданды. Бастысы халықты таза ет және сүт өнімдерімен қамтамасыз ету үшін аграрлық салада цифрландыру жұмыстардың маңыздылығы да өте зор. Субсидиялауда да бірқатар кемшілік бар, субсидия тек ірі шаруашылықтарға ғана беріледі.

Нұржан Әлтаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидияны сиыр етіне беріп жатыр. Бірақ басқа да салалар бар қой еті, сиыр еті бар. Соңғы 5 жылда субсидиялау нормативтері 5 рет өзгерген екен.

«ҚазАгро» арқылы жүзеге асырылатын мемлекеттік қолдау құралдары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің басым бөлігі үшін қолжетімді болмай отыр. Себебі оған да сондай кепілдер, сараптамалар, құжаттар қажет. Холдингтің қаржылық қызметтер ұсыну шарттарын қайта қарау, атап айтқанда, кредиттеу мөлшерлемесін азайту, кредиттердің мерзімі мен сомасын көбейту, сондай-ақ жалпы алғанда қарыз алушыларға қойылатын талаптарды жұмсарту мал шаруашылығына ауадай қажет.

Райнер Гиссюбель, Германия Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент басшысы:

- Ауыл шаруашылығы - өте маңызды сала. Бұл орайда сіздердің елде мол әлеует бар деп ойлаймын. Өйткені қаржы жеткілікті деңгейде бөлінеді. Жалпы, бүгінгі парламенттік тыңдау әсерлі өтті. Айтылған ойлар қатты ұнады. Біздің елде де соны жүзеге асыру қажет.

Ауыл шаруашылық саласы бәсекеге қабілетті болу үшін тұрақты түрде жаңа инновациялық технологияларды енгізіп отыру қажет. Шағын өндірушілерді қайта өңдеу кәсіпорындарымен байланыстыратын дайындау кәсіпорындарының желісін құру мен дамытуды барынша қолдау керек. Парламенттік тыңдауда бүкпесіз ой, ашық пікір айтылды. Үкіметке ұсынымдар әзірленді. Бастысы – Елбасы тапсырмасын сапалы, дер кезінде орындау. Өйткені өзімізде тұрғанда өзгенікі қажет емес.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу