Ауылдардың инфрақұрымын дамытуға 30 млрд теңге бөлінеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауылдардың инфрақұрымын дамытуға 30 млрд теңге бөлінеді

29.04.2019

Былтыр Елбасы Жолдауында айтылған «Ауыл - ел бесігі» жобасын іске асыру жұмыстары басталды. Биыл оның аясында елді мекендерді дамыту үшін 30 млрд теңге бөлінбек. Ал, 2021 жылға дейін бұл сома 90 млрд-қа жетеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды.

Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек биыл халық саны көп аудан орталықтарына басымдық берілетіндігін айтты. Әзірге 52 елді мекен іріктеліп алынған. Олардың әрқайсына 670 млн теңгеден тимек. Бұл қаржыға ауылдық жерлердегі инфрақұрылым жағдайын жақсартуға бағытталған 454 іс-шараны жүзеге асыру көзделген.

Жеңіс Қасымбек, Премьер-Министрдің орынбасары:

- Оның ішінде 247 шара көлік инфрақұрылымын дамытуға, 135 шара әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және 72 іс-шара тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға бағытталған. 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу