Нұр-Сұлтанда Сирия мәселесі бойынша келіссөздер шілде айында өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтанда Сирия мәселесі бойынша келіссөздер шілде айында өтеді

29.04.2019

Шам еліндегі түйіткілдің бейбіт шешілуіне кепіл болған Ресей мен Түркия және Иран елдері осындай шешімге келді. Нұр-Сұлтан қаласында осы кездесудің XII раунды өз мәресіне жетті. Екі күн бойы тараптар Конституциялық комитет құру мен босқындарды қайтару және Идлиб аймағы бойынша қызу пікірталастар өткізді. Нәтижесінде барлық тараптар ортақ мәлімдеме жасады. Оған сәйкес келіссөздерге қатысушы мемлекеттер Сирияның егемендігі мен аумағының тұтастығына байланысты ұстанымдарының бұлжымастығын айтты.

Бұл жиынға алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Сирия мәселесі бойынша өкілі Геир Педерсон қатысты. Келіссөздердің келесі кезеңіне Шам мемлекетінің көршілері Ливан мен Ирактың өкілдері де шақырылмақ. Дегенмен бұл жолғы кездесулер де Сириядағы қақтығыстарға нүкте қойған жоқ. Алайда оппозиция мен ресми Дамаск арасындағы бірқатар келіспеушіліктердің түйіні тарқады.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары:

- Кепілгер алдын ала шарт қоймастан, Сирия аумағындағы барлық сириялықтарға гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыру керектігін атап өтті. Халықаралық қауымдастықтарды, әсіресе БҰҰ мен оның гуманитарлық агенттіктерін халықаралық гуманитарлық құқыққа сәйкес, Сирияға көмектесуге, гуманитарлық тасымалды көбейте отырып, базалық инфрақұрылымдық нысандарды - су және электрмен қамту желілерін, мектептер мен ауруханаларды қалпына келтіруге шақырды.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу