Санкт-Петербургте терроризмге қарсы халықаралық конференция өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Санкт-Петербургте терроризмге қарсы халықаралық конференция өтіп жатыр

18.04.2019

Еуроодақ елдеріне Таяу Шығыстан 1,5 мыңға жуық содыр қайтып келген, олар террористік әрекетін жалғастырмақ. Бұл туралы ТМД Парламенттік Ассамблеясының халықаралық терроризмге қарсы конференциясында айтылды. Былтыр террорлық әрекеттің кесірінен 7 мыңнан астам адам жарақат алған. Дінаралық дүрдараздықтан туындайын қақтығыстардың алдын алуға бұл отырыс оңтайлы диолог алаңына айналды.

Индира Бегайдар,тілші:

- Әлем үшін көкейкесті проблема бар. Ол - терроризм, экстремизм. Терроризм шекара талғамайды, бай және кедей ел деп бөлмейді. Тек былтырдың өзінде дүние жүзінде 683 террорлық акті тіркелген. Салдарынан 5 мыңға жуығы қайтыс болған. Бүгін әлем парламентарийлері жаһандық індетке лайықты қарсы тұрудың жолдарын талқылады, бұл мәселеде бірлескен күш-жігерімізді еселей түсуіміз керек екенін айтты.

Терроризм - күрмеуі қиын мәселелерді сауатты шеше алмаудың, шарасыздықтың нәтижесі. Жаттың жарығына, өз үйінің шырағын айырбастап имани имунитетін жоғалтқандар діннің атын жамылып жүр. Қазақстан - өркениетаралық диалогтың бастамашысы. Елордада айтылатын салиқалы сөз, салмақты ұсыныстар дүниенің түкпір-түкпіріне тарап, әлемде бейбітшілік пен өзара пәтуашылықтың орнауына көмегін тигізуде. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жаһандық терроризмге қарсы коалиция құру жайында бастама жариялаған еді. Сол бастама бүгінде қолдау табуда.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының спикері:

- 2018 жылдың қыркүйегінде халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін жауапкершілік жүктейтін БҰҰ аясындағы кодекске бүгінде 70-тен астам мемлекет қосылған. Біз әлемдік қауымдастықтың терроризм мен экстремизмге қарсы күресудің тың тәсілдері мен шешімдерін қажет ететініне көз жеткіздік. Онда ашық диалогтың негіздері болуы тиіс.

Сенат спикері Дариға Назарбаеваның айтуынша, жаңа қауіп парламенттердің және парламентаралық ұйымдардың деңгейінде белсенді әрекетті талап етеді. Ұлттық заңнама жүйесіндегі үйлесімділік бұл індетпен күресуде нәтиже береді. Қауіпсіздік пен тұрақтылық, бейбітшілік пен келісім - қай мемлекеттің болмасын басты байлығы.

Валентина Матвиенко, РФ Федералдық жиналысы Федерация Кеңесінің төрайымы:

- Терроризмді қаржыландыруды шектеу үшін заңнаманы жетілдіруіміз қажет. Бұған парламентаралық одақтың, ТМД Парламентаралық Ассамблеясының және басқа да беделді парламенттік халықаралық ұйымдардың бағдарламалары бағытталған.

Сорақысы сол - қазір 10 мыңға жуық интернет сайт әлемнің 40 тілінде терроризмді насихаттап отыр, оған тез арада шектеу қойылуы тиіс. Жаһан мән берген мәйекті мәселе парламент өкілдерін алаңдатып отыр. Ал ертең Парламентаралық Ассамблеяның 49-шы отырысы басталады. 

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу