Еліміздің жалпы ішкі өнімі 3,8 пайызға өсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің жалпы ішкі өнімі 3,8 пайызға өсті

16.04.2019

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин осылай деді. Тиісті мемлекеттік органдардың экономикалық-әлеуметтік даму туралы есептерін тыңдаған Үкімет басшысы негізгі капиталға салынатын инвестициялар бойынша жұмысты ширата түсуді тапсырды. Сондай-ақ, көрсеткіштері төмен өңір басшыларына ескерту жасады. 

Бүгін бірінші тоқсандағы макроэкономикалық көрсеткіштер сараланды. Жалпы ішкі өнім 4 пайызға тақау өскен. Сан сала бойынша Шығыс Қазақстан, Атырау, Қостанай, Павлодар және Қызылорда облыстары алда келеді. Ал, Ақмола облысы мен бас қаладағы құрылыс қарқыны кеміп, инвестиция тарту жайы кері кеткен.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Халықаралық сарапшылар мен даму институттарының болжамы бойынша әлемдік экономиканың өсу қарқыны 2018 жылғы 3,6 пайыздан ағымдағы жылы 3,3 пайызға дейін төмендейді. Осындай жағдайда экономиканың инклюзивті әрі сапалы дамуын қамтамасыз ету - аса маңызды міндет.

Кез келген экономиканың дамуы шеттен келетін инвестициямен тікелей байланысты. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар осы бағытта жұмысты жандандыруы шарт. Өткен жылы экспорт мөлшері 68,3 млрд долларға жеткен. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 24 пайызға арттық. Бұған мұнай бағасының өсуі әсер еткен.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Қазақстандық өңделген тауарлардың негізгі тұтынушылары – Қытай, Ресей, Нидерланды, Өзбекстан, Ұлыбритания, Түркия, Жапония, Қырғызстан, Біріккен Араб Әмірлігі және Ауғанстан. Жалпы, аталған елдерге 2018 жылы қазақстандық өңделген тауарлар экспортының 75 пайызы тиесілі.

«Қара алтынның» бағасы қазір де күн сайын құбылып тұр. Бұл - негізгі табысы мұнайдан түсетін біздің ел үшін маңызды мәселе. Мұны жете түсінетін Үкімет басшысы өзіміздегі өндірістің тасын өрге домалатудың жаңа тетіктерін жүзеге асыруды тапсырды.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу