Үкімет отырысы. Медицина, ауыл шаруашылығы салаларына жаңа стандарттар енгізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет отырысы. Медицина, ауыл шаруашылығы салаларына жаңа стандарттар енгізіледі

02.04.2019

«Қазақстан жоғары сапалы және экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімінің сенімді жеткізушісіне айналуы тиіс». Бүгін Премьер-Министр Асқар Мамин Үкімет мүшелеріне осындай міндет қойды. Сонымен қоса, денсаулық сақтау саласындағы маман жетіспеушілігі мәселесі де алқалы отырыста сөз болды.

Елімізде 846 елді мекенде медициналық мекеме атымен жоқ. Демек, осыншама ауылдың адамы басы ауырып, балтыры сыздаса, көрші ауылға сабылуға мәжбүр. Осылай деген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов салада жаңа әлеуметтік стандарттар енгізілетінін айтты. Медициналық көмек қолжетімді болуы тиіс. Алайда, маман жетіспейді.

Алғашқы көмекті қолжетімді ету үшін мамандарды ауылға тарту қажет. Басына баспана, қалтасына қаржы салмаса, маман ауылға қайдан барсын. Асқар Мамин осы бағыт бойынша жұмысты ширата түсуді тапсырды.

Кейінірек, мінберге шыққан Ауыл шаруашылығы министрі ветеринарлық қызметті жаңғырту сәтті жүзеге асқанын айтты.

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Өткен жылы Халықаралық эпизоотиялық бюро тәуелсіз шетелдік сарапшылар миссиясының қорытындысы бойынша 2011–2017 жылдардағы еліміздің ветеринариялық қызметін жаңғырту нәтижелерін жоғары бағалағанын айтты. Мәселен, бағаланған 47 позицияның 14-і бойынша Қазақстан өз позициясын жақсартты, 30-ы бойынша жоғары бағасын сақтап қалды, 3-уі бойынша жақсарту жөнінде ұсыныстар берілді.

Енді, Иранға Қазақстаннан сиыр және ұсақ малдың еті, жұмыртқа экспорттауға қойылатын ветеринариялық талаптар жеңілдетілді. Сонымен қоса, Сауд Арабиясы Корольдігімен ірі қара және ұсақ малдарды сою және өсіру үшін экспорттауға арналған ветеринариялық сертификат та бекіді. Бұл тізімде Бахрейн де бар.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу