Еуразиялық интеграция идеясына – 25 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуразиялық интеграция идеясына – 25 жыл

27.03.2019

Биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық интеграция идеясына 25 жыл толады. Осыған орай Мәскеу қаласында баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға қазақстандық және ресейлік саясаттанушылар мен журналистер қатысты. Тараптар Еуразиялық Экономикалық Одақтың қазіргі жұмысы мен келешегі туралы ойларымен бөлісті.

Мамандардың пікірінше, Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жылы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік униерситетінің қабырғасында айтқан идеясы бүгінде нақты іске асты. Мәселен, тауар, қызмет және жұмыс күшінің емін-еркін жүріп-тұруы мақсатында құрылған Еуразиялық Экономикалық Одаққа биыл 5 жыл болады. Отырыста сарапшылар интеграциялық процестердің алдағы уақытта одан әрі тереңдей түсетініне сенім білдірді.

Никита Мендкович, Еуразиялық сараптамалық клубының басшысы:

- Қазақстан – ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты, Еуразиялық Экономикалық Одақ сынды құрылымдардың негізін қалаушы мемлекет әрі ол ұйымдардың белсенді қатысушысы. Тіпті, Қазақстанды бұл жобалардың идеологы деп айтуға да болады. Қазақ елі өз бастамасымен құрылған бұл ұйымдардағы көшбасшылығын ары қарай да сақтауға тырысады. Яғни, Қазақстан билігіндегі өзгерістерге қарамастан Еуразиялық интеграция жалғасады деп ойлаймын.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу