Бейбіт Атамқұлов РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бейбіт Атамқұлов РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесті

28.01.2019

Қазақстан мен Ресейдің байланыстары – мемлекетаралық қарым-қатынастың эталоны саналады. Қазір қос тараптың екіжақты және көпжақты байланыстары қарқынды дамуда. Арнайы шақырту бойынша Ресейге ресми сапармен барған еліміздің Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов осылай деді. Ол Мәскеуде өзінің ресейлік әріптесі Сергей Лавровпен кездесіп, екіжақты келіссөздер жүргізді. Жиын барысында тараптар саяси және экономикалық саладағы өзара ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен келешегін талқылап, бірқатар өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасты. Министрлер өзара әріптестік пен интеграциялық байланыстарды одан ары кеңейту және аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті арттыру үшін екі елдің күш-жігерін үйлестірудің маңызды екенін атап өтті. Еліміздің сыртқы саясаттағы жетістіктерін жоғары бағалаған Сергей Лавров ақпан айының ортасында Астанада Сирия бойынша XII халықаралық кездесудің өтетінін хабарлады. Басқосудың соңында Қазақстан мен Ресей Сыртқы істер министрліктерінің арасындағы 2019-2020 жылдарға арналған ынтымақтастық іс-шаралары жоспарына қол қойылды.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Қазір Президент тапсырмасы бойынша Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің жұмысы өзгеріп жатыр. Енді елге инвестиция тарту және қазақстандық экcпортты қолдауға мән беретін боламыз. Бұл жұмысқа шетелдегі елшіліктер мен консулдықтар жұмылдырылады. Әлбетте, Қазақстанның Ресейдегі сауда өкілдігінің жұмысы да күшейтіледі. Экономика саласындағы өзара іс-әрекетімізді жандандыру қос тарапқа да тиімді болады деп үміттенеміз.

Сергей Лавров, РФ сыртқы істер министрі:

- Петропавлда өткен XV аймақаралық ынтымақтастық форумында Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин 2019-2021 жылдарға арналған бірлескен іс-әрекет жоспарына қол қойған. Бұл құжат сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, энергетика, көлік, ғарыш, білім, ғылыми-техникалық саладағы әріптестігіміздің негізгі бағыттарын айқындайды. Біз алдағы жылдарға арналған осы жоспарды неғұрлым байыта түсу жолында жұмыс істеуге келістік.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу