Армения премьер-министрі Еуразиялық одақ құрамындағы мемлекеттердің басшыларына Үндеу жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Армения премьер-министрі Еуразиялық одақ құрамындағы мемлекеттердің басшыларына Үндеу жасады

25.01.2019

Биыл Армения Республикасы Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңеске, Еуразиялық Үкіметаралық Кеңеске және Еуразиялық экономикалық комиссияның Кеңесіне төрағалық етеді. Осыған байланысты Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян Мәскеу қаласына келіп, Еуразиялық одақ құрамындағы мемлекеттердің басшыларына арнайы Үндеу жасады. Ол өз сөзінде, Армения төрағалығының басым бағыттарына тоқталды. Никол Пашинянның айтуынша, 2019 жылы ресми Ереван Еуразиялық одақ елдері арасында ортақ энергетикалық нарық құру, көлік инфрақұрылымын әртараптандыру, сандық экономиканы дамыту, жұмыс күшінің емін-еркін жүріп тұруы үшін нормативті-құқықтық базаны жетілдіру және үшінші елдермен арадағы сауда-экономикалық байланыстарды жандандыруға мән береді. Сонымен қатар, Армения Премьері, биыл құрылғанына 5 жыл толатын Еуразиялық экономикалық одақтың келешегіне қатысты да пікірін айтты.    

Никол Пашинян, Армения Республикасының премьер-министрі, Жоғарғы еуразиялық экономикалық кеңестің төрағасы:

- Қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық одаққа басқа бір мемлекеттің мүше болуы туралы ешқандай келіссөздер жүргізіліп жатқан жоқ. Бірақ, өткен жылы Молдова бақылаушы-мемлекет мәртебесін алған. Яғни, одаққа мүше болуға ең жақын тұрған ел деп Молдованы айтуға болады. Бірақ, бұл мәселе Молдованың ішкі саяси ахуалына байланысты. Ақпан айында бұл елде Парламент сайлауы өтеді. Осы науқаннан соң барып, Молдованың біздің одақпен арадағы байланысы алдағы уақытта қалай дамитынын көруге болады. Ал, қазір Сингапур, Мысыр, Израиль және Сербия елдерімен өзара еркін сауда туралы келісімге қол қою үшін келіссөздер жүріп жатыр.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу