Сириядан балаларды қайтару операциясы туралы ғалымдар не дейді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сириядан балаларды қайтару операциясы туралы ғалымдар не дейді?

10.01.2019

Биыл Сирия сергелдеңінің басталғанына - 8 жыл. Сирияда әлемнің 80 мемлекетінен келген 100 мыңдаған мұсылман соғысып жатыр. Бір қызығы, ол жерде өзге дінді жау жоқ. Өліп жатқан да, өлтіріп жатқан да мұсылман. Демек, дін жолындағы соғыс жүріп жатыр деуге еш негіз жоқ. Соғыстың астарында саяси мүдде, қыруар қаржы, мұнай саудасы секілді факторлар жатқанына көз жетті.

Сирияға кім кетті? Сирияға мұсылманша өмірді көксегендер кетті. Ақиқатында ол жерде хаос, соғыстан басқа ештеңе жоқ. Қысқасы, уәделі жұмақ та, халифат та жалған ұран болып шықты.

Кеңшілік Тышқанұлы, Л.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университеті, дінтану кафедрасының меңгерушісі:

- Қан көрген, соғыс көрген, өлім көрген, психологиясы, жан дүниесі өзгерген азаматтарды қайтадан қоғамға бейімдеу үлкен сұрақ болып тұр. Мамандарға түсетін жүк те, жауапкершілік те аз емес.

«Ата-анасынан безіп кеткен безбүйрек азаматтарды елге қайтару қаншалықты қисынды?» деген сауал орынды. Алайда, балғындардың еш кінәсі жоқ. Ата-анасының ықпалымен кетті. Осы сәбилерді азамат қылып, қатарға қосу - елдік міндет. «Ал, оқтың ортасынан оралған ересектерді қатаң қадағалау керек», дейді Кеңшілік Тышқанұлы. Өйткені, олардың ар жағында жамағат бар. Солар өз мақсатында пайдалануы мүмкін. Сондықтан, сергек болуымыз керек.

Табиғатынан сенгіш әйел затын арбау оңай. Мамандар азаматтардың Сирияға аттануына көбіне жұбайлары ықпал етті деп отыр. Намысына тиіп, «жігітсің бе, әлде түбітсің бе» деп қайрап салған. Елге оралғандардың дені әйелдер екенін ескерсек, психолог пен теологтарды қыруар жұмыс күтіп тұр.

Лимана Қойшиева, дін проблемаларын зерттеу орталығының бөлім басшысы, психолог:

- Оның ойында ислам мемлекетін құру керек деген ой қалыптасып қалса, бірақ, бейбіт өмір сүру керек деп келсе, онда екі жүзді болып өмір сүруі де мүмкін.

Сырттан бақыт іздеп кетіп, қазір жылап-еңіреп елге оралып жатқан азаматтардың мысалы -  өзгелерге сабақ. Діндегі бақытты адам өз руханиятынан, отбасынан, туған топырағынан тапса - нағыз бақыт сол. Бұл ойды Шал ақынның 4 шумақ өлеңі қуаттай түскендей.

«Мекке менен Медине жердің ұшы,

Алыс сапар дейді ғой барған кісі.

Атаң менен анаңды құрметтесең,

Мекке болып табылар үйдің іші».

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу