Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде атқарған қызметін қорытындылайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде атқарған қызметін қорытындылайды

05.12.2018

Осы айдың соңында Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде атқарған қызметін қорытындылайды. Әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында қазақ елінің екі жылда жүргізген жұмысына еуропалық сарапшылар жоғары баға беруде. Ол туралы сақа саясаткерлер Брюссельде өткен басқосуда баяндады. Жиынға еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев та қатысып, шетелдік әріптестерімен пікір алмасты. 

Екі жыл бұрын Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүшелікке сайланғанда алдына 7 міндет қойды. Ядролық қаруды таратпау, аймақтық және жаһандық  қауіпсіздікті қамтамасыз ету, кикілжіңдерді бейбіт жолмен шешу, лаңкестікпен күресті күшейту. Сондай-ақ, Ауғанстандағы ахуалды реттеп, Африка мен Ливанда бітімгерлік миссия атқару. Бәрін сырттан бақылап отырған еуропалық сыншылар қазақ елінің кеңестегі қызметіне оң баға беруде.

Пьер Боргольц, Орталық Азия бойынша еуропалық сарапшы:

- Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі төрағалығын, мүшелігін асқан жауапкершілікпен атқарды деп айтуға толық негіз бар. Президент Н.Назарбаевтың антиядролық бастамалары, қырғи-қабақ болған тараптарды бір үстелдің басына жинауы - көптеген бақылаушылар күтпеген жетістік. Яғни, қазақ елі кеңеске жәй мүше болып қана қоймай, әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге қомақты үлес қосты.

Рори Кэйн   БҰҰ Бейбітшілік және қауіпсіздік мәселелері бойынша байланыс басқармасының жетекшісі:

- Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық ете отырып, Ауғанстанға, Кабулға сапар ұйымдастырғанына риза болдым. Өйткені, бұл аймаққа адам аяғы баспағанына 7 жыл болған. Осы арқылы Қазақстан Ауғанстанды Орталық Азиямен жақындатуға күш салды. Қазақ елінің ядролық қаруды таратпау бастамасы да өте өзекті бүгінде. Бұл бастаманы БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутериштің өзі қолдап отыр. 

Кеңеске мүше болған екі жылда Қазақстан бірнеше комитетті басқара отырып, шиеленістерді шешуге қомақты үлес қосты. «Бір ғана Астана процесінің өзі мақтауға тұрарлық»,- дейді сарапшылар. Бұл - қазақ дипломатиясының да үлкен жеңісі. 

Ержан Ашықбаев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Орталық Азиядағы жағдайды, аймақтық ынтымақтастық мәселелерін, Ауғанстанға қатысты саясатты, терроризмге қарсы күрес мәселесін, жаппай қырып-жою қаруларын таратпау мәселелеріне қатысты Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің аясында жасаған үлкен жұмысының нәтижелерін біздің әріптестеріміз жалғастырады деген үмітпен келіп отырмыз.

Қазақстанның бастамаларын одан әрі қарай жалғастыруға Бельгия үкіметі құлшынып отыр. Корольдік 2019-2020 жылдар аралығында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүшелік етеді. Қазақ тарапы жаңа мүшелерге қолдау көрсетуге, бар тәжірибесімен бөлісуге дайын. 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу