Сирия келіссөздерінің XI раунды аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сирия келіссөздерінің XI раунды аяқталды

29.11.2018

Астанада екі күнге созылған Сирия келіссөздерінің XI раунды аяқталды. Оның қорытындысы бойынша, Ресей, Түркия мен Иран бірлескен мәлімдеме жасады. Кепілгер елдердің мәлімдемесін еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов жариялады.

Досымжан Ермұрат, тілші:

Астана – келіссөздер алаңы. Бейбіт төрімізге кеп тоғысқан тараптар Сириядағы соғыс қимылдарын тоқтату режимінің бұзылғанына алаң. Бұл Идлиб пен Алеппода сезіліп отыр. Асад билігі мен қарулы оппозиция арасы алшақтамас үшін Астана 11-ші рет алаң ұсынып отыр.

Александр Лаврентьев, РФ Президентінің Сирия бойынша арнайы өкілі:

- Сириядағы ахуал түзеліп келеді. Бірқатар қақтығыс болған аумақтарда тыныштық орнады. Біз лаңкестік топтардың көзін жоюға ниеттіміз. Идлиб аумағында әлі де 15 мыңнан аса содыр жүр. Оларды тәртіпке шақыруға Астана процесі ықпал етті. Бірқатар аумақта соғыс өрті сейіліп, ел қалыпты өмір кешуге көшті.

Үздіксіз келіссөздер тұтқындағы сириялықтардың еліне оралуына жол ашуда. Бүгінде олардың саны 2 миллионнан асты. Десе де, Түркия, Йордания, Ливанда 8 миллионға жуық босқын жүр. Бұл ретте, көп мәселе кепіл елдерге де байланысты.

Башар Джафари, Сирияның БҰҰ тұрақты өкілі, Сирия үкіметі делегациясының басшысы:

 - Бізге мүмкіндік жасап отырған Президент Н.Назарбаевқа алғысым шексіз. Астанада өзімізді қауіпсіз сезінеміз. Қазір көптеген аумақ лаңкестерден арылды. Әлі де мәселелер бар. Идлиб сияқты. Кепіл елдер қазір осы аумақты содырлардан тазартудың амалын жасап жатыр. Бұл міндетті Ресей мен Түркия жауапкершілікке алған еді. Түркия әзірге белсенділік танытпай отыр.

Сириядағы қақтығыстарды реттеп, ымыраға келу үшін елде конституциялық кеңес құру маңызды. Жергілікті оппозиция өкілдерінің ұсынысына БҰҰ-ның арнайы өкілі Стаффан де Мистура және басқа қатысушылар да қолдау білдіруде.

Айман Аль-Асми, Сирия қарулы оппозициясы делегациясының мүшесі:

- Астана - ұсыныстар мен мүмкіндіктер алаңы. Біз бүгін конституцияға өзгеріс енгізетін кеңес құруды талап еттік. Егер осындай орган пайда болса, оның шешімдері бүкілхалықтық референдумға шығарылады. Бұл кеңес құрамына үкімет пен оппозиция өкілдері, сондай-ақ кәсіби сарапшылар кіруі тиіс.

Басқосудың қорытындысы бойынша,  кепіл елдер – Ресей, Түркия, Иран деэскалацияның Идлиб аймағындағы ахуалды тұрақтандыру жөніндегі меморандумды орындауға дайын екенін хабарлады. Сондай-ақ, «ДАИШ», «Джабхат ан-Нусра» және басқа да террористік ұйымдардың көзін жою үшін өзара ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға уағдаласты.

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Бұған дейін өткен 10 раундтардай, осы басқосу аясында сирияаралық келіссөздер үдерісіне қосымша серпіліс әкелетін, қарсыласушы тараптар арасындағы сенімді арттыратын, сондай-ақ қарапайым сириялықтардың өміріне оң әсер тигізетін маңызды нәтижелерге ие болу - ол қуантарлық жайт.

Бүгінгі басқосудың соңында тараптар Астана процесі аясындағы кезекті кездесуді келер жылдың ақпан айында өткіземіз, деп тарқасты.

Досымжан ЕРМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу