Қазақстан мен Татарстан арасындағы сауда айналымы 1 млрд. долларға жуықтаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Татарстан арасындағы сауда айналымы 1 млрд. долларға жуықтаған

26.10.2018

Бүгін Қазан қаласында  Қазақ елі мен Татарстан  арасындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 20-шы отырысы өтті. Ауқымды шараға Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин қатысты. Тараптар алдағы екі жылда екі ел арасындағы сауда-саттықты арттырып, тауар айналымын 20 млрд. долларға жеткізуді межелеп отыр.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Тамыры терең татар халқы қазақ елімен әуелден тағдырлас. Екіжақты байланыс бұдан әрі де беки түспек. Бүгінде Татарстан мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы 1 млрд. долларға жуықтаған. Қос тарап  бұл көрсеткішті одан әрі ұлғайтуға уағдаласты. Бұған мүмкіндік мол, әлеует те зор.

Қазақ елінің делегациясын бастап барған Премьер-Министрдің бірінші орынбасарын татар басшысы Қазан кремлінде қарсы алды. Кейін сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі хаттамаға қол қойылды. Екіжақты кеңейтілген кездесуде тиімді байланыс тетіктері талқыланды. Ал, бүгінгі комиссия отырысында екі ел арасындағы экономикалық, өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы, білім мен ғылым саласындағы серіктестік жайы қаузалды.

Серік Жұманғарин, ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары:

Қазақстан сыртқы сауда айналымының 20 пайызы Ресейге тиесілі. Алдағы екі жылда тауар айналымының көлемі 20 млрд. долларға жетеді. Екі ел кәспорындары әлі де 60 түрлі тауарды бірігіп өндіруге қауқарлы.

Антон Силуанов, РФ Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары, Қаржы министрі:

Қазақстан-Ресей сауда айналымы 23 пайызға артты. Экспорт 9, импорт 10 пайызға ұлғайды. Ресей Қазақстанға 12 млрд. доллар инвестиция құйған. Серіктестік одан әрі де жалғасады.

Екі ел арасында 6 мың бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Мәселен, «КАМАЗ» компаниясының біздің елде 27 орталығы бар. Оралдың «Зенит» кеме жасау зауыты Зеленодолдағы әріптестерімен бірігіп өнім шығармақ. Ал, Қазанның әуе көлігі кәсіпорны Алматыдағы 405 зауыт пен жаңа «Ансат» тікұшағын құрастырады. Байланыс мұнымен шектелмейді. Келешекте IT-технология, медицина, кіші авиация, ауыл шаруашылығы салаларында қарым-қатынас күшеймек.

Рустам Минниханов, Татарстан Республикасының президенті:

Қазақстанның шикізат қоры мол. Әсіресе, мұнай-химия саласында ықпалдастықты күшейту керек. Табиғи газ өндіруге қажет құрал-жабдықтар, көлік бөлшектерін жеткізе аламыз. Су, әуе көліктерін бірігіп шығару мүмкіндігі бар. Біз қазақстандық компаниялармен экономикалық және инвестициялық байланысымызды нығайтуға әрқашан мүдделіміз.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

Біріккен кәсіпорындар көбейіп келеді. Машина жасау, ауыл шаруашылығы, фармацевтика саласында байланысымыз мығым. Әлеуетіміз бұдан да жоғары. Қазақстан мен Ресей арасындағы оң қарым-қатынастың үздік үлгісін жасауымыз керек. Татарстан бұл тұрғыда алдыңғы орында тұр.

Кездесулер соңында үш құжат бекіді. Олар: 20-шы отырыстың хаттамасы, екі ел үкіметі арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени әріптестікті қамтитын іс-шаралар жоспары және ақпарат агенттіктерінің ынтымақтастығы туралы меморандум.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу