Веронада Еуразиялық экономикалық форум өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Веронада Еуразиялық экономикалық форум өтеді

08.10.2018

Еуропа елдерінің бизнес қауымдастық өкілдері Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерімен арадағы әріптестік байланыстарды арттыруға мүдделі. Биылғы жылы тараптар арасындағы сауда-саттықтың өсуі соған дәлел болып отыр. Мәскеу қаласында өткен баспасөз-мәслихаты кезінде «Еуразияны тану» қауымдастығының президенті Антонио Фаллико осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Еуропалық және Еуразиялық одақ арасындағы байланыстардың жай-күйі, қазан айының соңында Италияда өтетін Верона экономикалық форумында талқыға түседі. Жиында бизнесмендер мен саясаткерлер, әсіресе, энергетика, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы және қаржы саласындағы ынтымақтастықты жандандырып, бірлескен жобаларды қолға алу жайын пысықтағалы отыр. Халықаралық форумға әлемнің 20-ға тарта мемлекеті қатысады. 

Антонио Фаллико, «Еуразияны тану» қауымдастығының президенті:

- Веронадағы форумға Қазақстан тарапы да белсенді қатысады. Биыл бұл шараға көптеген қазақстандық кәсіпорындар келуі тиіс. Қазақстан, Армения, Қырғызстан, Беларусь және Ресей сынды Еуразиялық одақ елдері Еуропамен арадағы байланыстарды арттыруда маңызды рөл ойнайды. Бір айта кететін дүние, биылғы жылы Еуропа елдері мен Еуразиялық одақ мемлекеттерінің арасындағы тауар айналымның мөлшері 20 пайызға артты.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ  

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу