Мәжіліс депутаттары жалпы отырыс барысында бірнеше заң жобасын мақұлдады

25.04.2018

Бүгін Мәжіліс депутаттары жалпы отырыс барысында бірнеше заң жобасын мақұлдады. Олар Елбасының білім саласын жаңғырту бойынша тапсырмасын жүзеге асырып, интеллектуалды  меншік бойынша заңнаманы жетілдіруге бағытталып отыр. Бірінші оқылымда мақұлданған жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы құжат. Заңмен жұмыс істеу барысында депутаттар Елбасының бес әлеуметтік бастамасын заңнамалық қолдау үшін өзгерістер енгізді. Заң жобасының тиімді тұстары көп. Яғни, еліміздің жоғары оқу орындарына білім берудің стандарттары мен талаптарын өз бетінше дайындау құзыреті берілуі мүмкін. Олардың дербестігін кеңейту үшін студенттерді қабылдау, профессорлық-оқытушы құрам мен білім алушы контингент арасында арақатынасты белгілеу, білім беру бағдарламалары, пәндердің оқу жоспарларының құрылымы мен мазмұнын айқындауда өкілеттіліктерін өздеріне береді. Жоғары оқу орындарында ақылы түрде білім алудың бағасын реттейтін норманы алып тастау ұсынылып отыр. Академиялық дербестік 65 пайыздан 85 пайызға дейін кеңейтілмек. Білім беру реестрі енгізіледі. Қазір 600 мамандық бар. Олардың кейбіреулері нарық талабына сәйкес келмейді. Осыған орай, жаңа мамандық енгізу мәселесі қаралады. Лицензия тетіктері мен білім саласын аккредиттеуде оң өзгеріс күтіліп отыр.  

Жәмилә Нұрманбетова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Осы заң жобасымен жұмыс барысында біздің депутаттар бірқатар заңнамалық актілерге түзетулер әзірлеп, енгізді. Оның барлығы халқымыздың әл-ауқатын көтеру мақсатында Елбасымыз ұсынған бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыруға бағытталып отыр. Нақты айтатын болсақ, ол үшінші бастамада көрсетілген студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселесін ауқымды түрде шешуді көздейді. Мәселен, 75 мың орынды жаңа жатақханалармен қамтамасыз ету үшін - депутаттар студенттерді жатақханаларда орындармен қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруды және жатақхана құрылысын инвестициялық басым жоба ретінде анықтауды ұсынды. Олардың барлығының нақты есебі жасалып, тиісті мемлекеттік органдармен жан-жақты пысықталды.

 

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу