Ресейлік ЖОО ректорлары Нәзір Төреқұлов атындағы медальмен марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейлік ЖОО ректорлары Нәзір Төреқұлов атындағы медальмен марапатталды

19.04.2018

Бүгін Ресейдегі бірқатар беделді жоғарғы оқу орындарының басшылары Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Нәзір Төреқұлов атындағы медалімен марапатталды. Мәртебелі сыйды ректорларға Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов табыстады. Марапатталғандардың арасында Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының ректоры Анатолий Торкунов, Мәскеу болат және қорытпалар институтының жетекшісі Алевтина Черникова, Губкин атындағы Ресейлік мұнай және газ университетінің ректоры Виктор Мартынов бар. Бұл медаль ресейлік қайраткерлерге Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлестері үшін беріліп отыр. Салтанатты шара кезінде Елші Иманғали Тасмағамбетов екі елдің білім-ғылым саласындағы әріптестігін арттырып, бізге достық пейіл танытып отырған білім ордаларының еңбегін ерекше атап өтті. Аталмыш оқу орындарында қазір 2 мыңға жуық қазақстандық студент білім алып жатыр.

Анатолий Торкунов, РФ СІМ Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының ректоры:

- Сыртқы істер министрлігінен алған бұл марапат біз үшін үлкен құрмет. Оның үстіне белгілі ғалым, Кеңес Одағының сыртқы саясатын дамытуға ерекше үлес қосқан дипломат Нәзір Төреқұлов атындағы медальдың орны мен үшін ерекше. Жалпы, біздің ынтымақтастығымыз жақсы дамып жатыр. Біздің оқу орнымызда Қазақстанның студенттері саны жағынан шет мемлекеттердің арасында бірінші орында тұр. 

Алевтина Черникова, «Мәскеу болат және қорытпалар институты» ұлттық зерттеу технологиялық университетінің ректоры:

- Біздің оқу орнымызға биыл 100 жыл толады. Қазақстанмен арадағы ынтымақтастығымыз көп жылдардан бері жалғасып келеді. Біздің университетті бітірген жастар қазір түрлі салада табысты қызмет етіп жатыр. Біз 2017 жылдың өзінде 1-курсқа Қазақстаннан 150 студентті қабылдадық. Олардың басым көпшілігі жақсы дайындалған, білім алуға құштар, талапты жастар.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ 

Хабарламаларға жазылу