Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретіндегі өз жұмысын аяқтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретіндегі өз жұмысын аяқтады

01.02.2018

Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Қазақстанның төрағалығы барысында консультациялар, брифингтер және пікірталастар форматында 30-ға жуық отырыс өткізілді және олардың қорытындылары бойынша Кеңес Төрағасының бұқаралық ақпарат құралдары үшін қарарлар мен мәлімдемелер қабылданды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ сапарында Қауіпсіздік Кеңесінің жиынында:Терроризмсіз әлемге қол жеткізу жөніндегі әрекет ету кодексін жүзеге асыру қажеттігін атап өтті. Аталған құжаттың негізгі мақсаты - 2045 жылға дейін терроризмсіз әлем және серіктес елдердің халықаралық коалициясын құру. БҰҰ басшылығы мен Қауіпсіздік Кеңесінің терроризмге қарсы бөлімшелері, мүше мемлекеттердің жүзден астам делегацияларының өкілдері Кодекстің өзектілігі мен маңыздылығын қолдады.

Осы кеңеске Қазақстан Орта Азия елдері арасынан тұңғыш рет төрағалық етіп отырғандықтан, осы аймақтың қауіпсіздік мәселесін де күн тәртібіне шығарды. Орта Азия төңірегінде терроризмнің қауіпін сейілтуге, бейбіт аймақ құруға әлем назарын аударды. «Ауғанстан мен Орталық Азияда аймақтық серіктестік құру» тақырыбында өткен министрлер деңгейіндегі тақырыптық пікірталасқа Кувейт, Ресей, Польша, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның Сыртқы істер министрлері қатысып қолдау танытып өз ұсыныстарын айтты. Бүгін Кеңес төрағалығындағы Қазақстан делегациясы Вашингтонға сапарлап АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездесті. АҚШ президенті Дональд Трамптың атынан ұйымдастырылған Ақ үйдегі түскі асқа Мемлекеттік хатшы Рекс Тиллерсон, Ақ үйдің аппарат басшысы Джон Келли және Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Герберт Макмастер қатысты. Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Омаров БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретінде сөз сөйлеп, Президент Н.Назарбаевтың қаңтардағы сапарында қол жеткізілген келісімдер бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Осыған байланысты Ақ үй басшысы да сапардың сәтті өткенін айтып, Президент Н.Назарбаевқа сәлем жолдады. 

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

 

Хабарламаларға жазылу