Президент Қазақстан митрополитін қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қазақстан митрополитін қабылдады

24.01.2018

Бүгін Мемлекет басшысы Астана және Қазақстан митрополиті Александрды қабылдады. Нұрсұлтан Назарбаев митрополиттің Қазақстандағы қызметіне жоғары баға беріп, дін саласындағы мемлекеттік саясат мәселесіне тоқталды. Сонымен қатар, басқосуда діни қызмет туралы заңнамаға енген өзгерістер жайы пысықталды. Президент митрополитті Рождество мерекесімен құттықтады. Ал, митрополит Александр Нұрсұлтан Назарбаевқа қабылдағаны үшін алғыс айтып, Қазақстан Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының рухани-адамгершілік тәрбие беру ісіндегі маңыздылығын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздің Қазақстанда атқарып жатқан қызметіңізді жоғары бағалаймыз. Сіз бейбітшілік пен конфессияаралық келісім саясатын жүргізіп отырсыз. Біздің еліміз – зайырлы мемлекет. Барлық діни конфессиялардың теңдігі мен дін ұстану бостандығы Конституцияда және өзге де заңдарда бекітілген. Біз діни қызмет туралы заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде бастама жасадық. Сіз оған белсенді түрде атсалыстыңыз. Атқарған жұмысыңыз үшін Сізге ризашылық білдіреміз.

 Александр, Қазақстан митрополиті:

- Сіздің тұлғаны рухани-адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеу жөніндегі стратегияңыз Қазақстанды одан әрі дамытудың негіз қалаушы құжаты болып саналады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақала қоғамымыздың әрі қарай өркендеуіне қажетті дүниелерге жол ашады.

Хабарламаларға жазылу