Үкімет басшысы министрлерге Президенттің соңғы ескертпесін жеткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет басшысы министрлерге Президенттің соңғы ескертпесін жеткізді

16.01.2018

Бақытжан Сағынтаев Елбасының міндетті медициналық сақтандыруды енгізуге қатысты сынын айтып, Үкімет мүшелерін бұл олқылықтарды бірлесіп жоюға шақырды. Бұдан бөлек, отырыста жекешелендіру жоспары, мүлікті түгендеу сынды мәселелер көтерілді.

Мемлекет меншігіндегі мекемелерді жекешелендіру – нарық заманының талабы. Өзекті шартты орындау үшін 2016-2020 жылдарға арналған жоспар құрылды. Оған сәйкес, 4 жылда 904 нысанды жекешелендіру көзделген. Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов өткен жылы осы бағытта тындырылған шаруаларға тоқталды. Министрдің сөзіне сенсек, былтырғы жоспар 97 пайызға орындалыпты. Ал, Үкімет басшысын бұл науқаннан түскен қаржының тағдыры көбірек алаңдатты.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

- Елбасы бірнеше мәрте тапсырма берді. Жекешелендіруден түскен қаржының бәрі Ұлттық қорға өтуі керек.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

- Бақытжан Әбдірұлы, республикалық меншіктегі сатылған объектілер бойынша барлық ақша Ұлттық қорға жіберілген болатын. Осы қаңтар айында тағы 5 млрд. теңге Ұлттық қорға жіберілетін болады.

Теңге есебі түгел болғанымен, жекешелендірудің жариялану тәртібі Премьер-министрдің көңілінен шықпады. Бақытжан Сағынтаев барлық ақпарат мемлекеттік веб-порталда ғана емес, танымал сайттарда да жарық көруін тапсырды.

Сүлейменов те бүгін сөз естіді. Үкімет алдында мемлекеттік компаниялардың санын мейлінше азайту міндеті тұр. Алайда, Экономика министрі түгендеу науқанынан кейін тағы 168 жаңа мекеме пайда болғанын айтып, Премьер-министрдің сынына ілікті.

Отырыс соңында тағы бір олқылықтың орнын толтыру тапсырылды. Бақытжан Сағынтаев міндетті медициналық сақтандыруды енгізу Еңбек және әлеуметтік министрліктің мойнына ғана артылған жүк емес, барлығына ортақ міндет екенін еске салды. Егер Қазақстан цифрлық жүйеге жоспардан ертерек көшсе, міндетті медсақтандыруды да 2020 жылды күтпей енгізу қажет болады. «Ал, Елбасының бұл мәселені Жолдауда сынға алуы Үкімет үшін соңғы ескертпе», - деді Премьер-министр.

 

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу