Қазақстанның Біріккен Ұлттар ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төраға болып сайлануы – еліміздің әлемдік саясаттағы беделінің көрсеткіші саналады. Енді қаңтар айындағы төрағалығы кезінде Қазақ елі көптеген маңызды халықаралық проблемаларды көтеруі тиіс. Ресейлік сарапшылар еліміздің БҰҰ-дағы мәртебелі міндетін осылай бағалап отыр. Саясаттанушылардың пікірінше, төрағалық кезіндегі Қазақстанның міндеті – қордаланған күрделі мәселелерді бірден шешу емес, оған әлемнің назарын аударып, шартараптың күш-жігерін біріктіру. Бұл мақсатты іске асыруға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Себебі, ресми Астана барлық елдермен берік байланыс орнатып, келіссөз жүргізуде әжептәуір тәжірибе жинаған мемлекет. Сондықтан, Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығы өзіне ғана емес, жалпы, әлемдік қауымдастық үшін де пайдалы болады.
Дмитрий Журавлев, Аймақтық проблемалар институтының директоры:
- Қазақстан жаһандық проблемалар бойынша келіссөз жүргізетін елдердің барлығымен жақсы қарым-қатынаста. Сондықтан, Қазақстан тарапы ұсынған тақырыпты АҚШ та, Иран мен Түркия да, Еуропа елдері мен Ресей де қабылдап, оған құлақ асады. Яғни, Қазақстанның төрағалығы әлемдік қауымдастық үшін пайдалы болады деген сөз. Ал, Қазақ елінің өзіне келетін болсақ, бұл әлбетте, елдің имиджін одан ары жақсартып, ғаламдық саясаттағы рөлін нығайта түседі. Оның үстіне Қазақстан тарапы енді әлемдік державалармен тікелей қарым-қатынас жасай алады. Сонымен қатар, Қазақстанның төрағалығы тұтас Орталық Азия елдері үшін тиімді болды. Себебі, бұл аймақтың проблемалары бұрын-соңды БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде қаралған емес.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ