Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қостанайға барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қостанайға барды

08.11.2017

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы жақсарған. Әсіресе, құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Мемлекеттік бағдарламалардың қай-қайсын болса да Қостанай облысы өте тиімді пайдаланып отыр. Құрылыстан бөлек, автомобиль құрастыру бойынша еліміздегі ең ірі зауыт та осы өңірде. Бүгін шетелдік инвесторлармен құны 1 млрд. доллар болатын келісімшарт бекітілді. Бұл қаражат елімізде автомобиль индустриясын дамытуға бағыттылады.

Бұрын әуежай мен қала арасы маң дала еді. Қазір бұл аралықта қарқынды құрылыс. Елбасы әуежайдан түскеннен кейін «Аэропорт» деп аталатын осы жаңа ауданның құрылыс жұмысымен танысты. Жалпы аумағы 31 гектардан асады. Барлығы 41 үй салынуы тиіс, шамамен 3 мыңға жуық пәтер. Осы күнге дейін 16 үйдің құрылысы аяқталып, 987 отбасыға пәтер кілті берілген. Пәтердің әр шаршы метрі 136 мың теңгеден басталады. Қала тұрғындары үшін қолжетімді.

Жаңа аудан қаланың ауқымын кеңейтті. Көп қабатты көрікті үйлер, мұнтаздай таза аула және заманына сай инфрақұрылым. Бұл жер Қостанай қаласының жаңа келбеті. Мемлекеттің беріп отырған мүмкіндігін барынша пайдаланудың арқасында осындай көрікті ауданмен қалаға қала қосылып тұр. Қостанай «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын сәтті пайдаланып отырған аймақ. Бұл жердегі құрылыс үш жыл бұрын басталған, алдағы жылдары да үй салу тоқтамайды.

Елбасы барған келесі нысан «СарыарқаАвтопром» зауыты. Кәсіпорын жақында жаңа желіні іске қосты. Енді зауыт жеңіл көліктің «JACS3» маркасын шығарады. «СарыарқаАвтопром» мен Қытайдың трансұлттық компаниясы «Джэнертек сиэмсимен» арнайы келісімді бекіткен. Оған сәйкес алдағы он жылда бір млрд. доллар қаражат бөлінеді. Қазірдің өзінде бастапқы 25 млн. доллар жұмсалды. Осы қаражатпен дәнекерлеу, сырлау бояу және соңғы жинақтау конвейер желісі іске қосылды. Нәтижесінде көлікті құрастырудағы отандық үлестің салмағы 35 пайызға жетті. Зауыттағы мамандардың барлығы жергілікті тұрғындар.

Бір кездері қаңырап бос қалған зауыттың бүгінгі тіршілігі көз қуантады. Мұнда қазір алты жүз адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жұмысшылар жыл өткен сайын көлік дайындаудың қыр-сырын меңгеріп шеберліктерін шыңдап келеді.

Мемлекет басшысы осы жерде инвесторлармен кездесіп, облыс басшысының баяндамасын тыңдады. Аймақ инвестиция тарту бойынша елімізде алдыңғы орында. Қазір «Гринфилд» деп аталатын арнайы еркін аймағын іске қосқан. Қазір облыста құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар қатары көбейген. Бұл -мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдаудағы нәтижесі. Осы тұста Елбасы облыс әкіміне халықты кәсіпкерлікке үйретуді тағы тапсырды.

Қостанай - еліміздің аграрлық аймағы. Биыл бес млн. тоннадан астам астық бастырды. Осы аграрлықпен қатар, өнеркәсіп кешені де жақсы дамып келеді. Шетелдің әсіресе, Қытайдың алпауыт инвесторлары осы Қостанай өңіріне қаржы салуға талпынып отыр. Соңғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша тартылған инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға артқан. Жалпы айтқанда, жаңа индустрия саласында өңірдің болашағы зор.

Мемлекет басшысы Қостанайдағы жұмыс сапарында басқа да нысандарды аралап көрді. «Қостанай Плаза». Бұл -  отбасылық ойын сауық және сауда орталығы. Аумағы – 25 200 шаршы метрден асады. Жұмсалған қаржы – 4,2 млрд. теңге. Мұнда балалардың ойын алаңы, алты кинотеатр және жалға берілетін сауда орындары бар. Соңғы екі айдан бері қала тұрғындары үшін жайлы демалыс орнына айналған. Мұнда Елбасыны Рудный балалар үйінің тәрбиеленушілері күтіп алды. Орталықтағы барлық мүмкіндікті пайдаланып, демалып жүрген балалар Мемлекет басшысына тілектерін айтып, алғыстарын жеткізді.

 

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу