Шекарада заң нормалары сақталуы тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шекарада заң нормалары сақталуы тиіс

03.11.2017

Қазақстан Қырғызстанмен шекарада Еуразиялық экономикалық одақ  кеңістігінің экономикалық мүддесі мен экономикалық қауіпсіздігін қорғап отыр. Бұл туралы Премьер-Министр  Бақытжан Сағынтаев Ташкентте ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысында мәлімдеді Осы жиында Қырғызстан үкіметінің басшысы Сапар Исаков күтпеген жерден Қазақстанның Қырғызстанға қатысты еркін сауда аймағы туралы шарттың толық орындалмай отырғанын мәлімдеді.

Ал, Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев қырғыз тарапының мәлімдемесін орынсыз деп атады.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрі:

 - Қазақстан Үкіметі қырғыз тарапының айтқан уәждерін орынсыз деп қабылдайды. Бұл тұрғыда біздің позициямыз бәріне белгілі. Ол Еуразия экономикалық одағы кеңістігінің негізгі идеологиясымен толық сәйкес келеді. Одақтың экономикалық шығындары мен тәуекелдерін төмендетуге бағытталған. Біз Қырғызстан үкіметін Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өз міндеттерін растауға және Қырғыз Республикасының өз міндеттемелерін имплементациялауға шақырамыз. Бұл тақырыпты үнемі ашық айтып келеміз және мәлімдемеміздің қырғызстандық әріптестерге жеткенін қалаймыз. Қазақстан Үкіметі қырғыз тарапының бес принципті бағыт бойынша сындарлы ұстанымына үміт артады.

Біріншіден,  салықтық әкімшіліктендіру бойынша Қырғыз Республикасы ұлттық заңнама нормаларын ЕАЭО құқығымен сәйкестендіруі керек.

Екінші, заңсыз экспортқа, оның ішінде контрафактілік өнімдердің экспортына қарсы іс-қимылды күшейтуі қажет. Үшінші, ЕАЭО талаптарын сақтау үшін қырғыз тарапының тауарларды тұрақты және тиімді ветеринарлық-санитарлық және фитосанитарлық (карантиндік) бақылаумен қамтамасыз етуі.

Төртінші, Қырғыз тарапы экономикалық одаққа мүше елдердің көліктік заңнамасын бұзудың алдын алу және ескерту бойынша шара қабылдауы шарт.

Бесінші, контрабанда мен қазақ-қырғыз шекарасы арқылы есірткі заттарын, қару-жарақ, оқ-дәрі және өзге де тыйым салынған заттарды заңсыз тасымалдауға жол бермеу.

Осылайша, біз өзіміздің ұлттық мүдделерімізді ғана емес, ЕАЭО кеңестігінің экономикалық мүдделер мен экономикалық қауіпсіздігін қорғайтын боламыз.

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

               

Хабарламаларға жазылу