Кеден кодексінің тиімді тұстары жетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кеден кодексінің тиімді тұстары жетеді

02.11.2017

Жаңа Кеден кодексі сыртқы экономикалық қызметті жеңілдетеді. Бүгін Мәжіліс Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден Кодексін ратификациялады. Құжатқа енгізілген жаңа тетіктің бірі – ол кедендік рәсімдерді автоматтандыру. Кодекс бес елге теңдей мүмкіндік сыйлайды және электронды декларациялаудың енгізілуі арқылы жемқорлықтың жолын бөгейді.

Кодексте кедендік операцияларды оңтайландыру бойынша бірқатар нормалар көзделген. Қолданыстағы кодексте 24 сағатта кедендік транзитті аяқтау көзделген болатын, жаңа кодексте рәсімді аяқтау үшін 4 сағаттан аспайтын жұмыс уақыты берілген. Бұдан басқа, транзиттік жүктерді кедендік тексеріп қарауды жүргізу қажет болған жағдайда, оларды жүргізу мерзімі он күннен бес күнге дейін қысқартылды. Құжат келесі жылдың бірінші қаңтарынан бастап күшіне енеді деген жоспар бар.

Серік Сейдуманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жеке тұлға тапсырыс беретін не әкелетін тауарға баж салығын төлеу керек болса, ол декларация тапсыруы керек. Жаңа кодекске сай, енді оны электронды түрде беруге болады. Осының тәртібін түсіндіріп кетсеңіздер.

Ғұсман Әмрин, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары:

- Бұл үшін кодексте қосымша норма көзделген. Тек жеке тұлға ғана емес, кеден қызметкері де декларацияны толтырып бере алады. Ол үшін ақша төлеп қажеті жоқ. Яғни, екі жолы бар, бірі – жеке тұлға өзі порталға кіріп, өз атынан декларацияны толтыра алады немесе сол жерде тұрған кеден қызметкері ол үшін толтырып бере алады.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу