Минск қаласында Қазақстан, Ресей және Беларусь журналистерінің кездесуі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Минск қаласында Қазақстан, Ресей және Беларусь журналистерінің кездесуі өтті

24.10.2014
Минск қаласында  Қазақстан, Ресей және Беларусь журналистерінің кездесуі өтті

Алдағы уақытта құрылатын Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысы жұртқа түсінікті болуы үшін шынайы ақпарат керек. Сондықтан,  Еуразиялық комиссия журналистер қауымымен тығыз жұмыс істемек.

Мәселен, осы комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу министрлігі тұңғыш рет 3 елдің журналистерін жиып, алқалы кеңес өткізді.

Нұртас Солтанұлы, тілші:

Еуразиялық экономикалық комиссияның отырыстары көбінесе жабық жағдайда өтеді. Сондықтан,  жиында қабылданған маңызды шешімдер туралы негізінен тек ресми ақпарат таратылады, тіпті оның өзі мардымсыз.

Осы кемшіліктің орнын толтыру үшін комиссия өкілдері Минск қаласында Қазақстан, Ресей және Беларусь журналистерін жинап, арнайы кездесу өткізді.

Жиында Бәсекелестік және монополияны реттеу саласында атқарылып жатқан істер жан-жақты баяндалды. Министр Нұрлан Алдабергеновтің айтуынша, қазір дәрі-дәрмек, мобильді байланыс, теміржол және әуе билеттерін арзандатуға толық мүмкіндік бар.

Ал,  көп кешікпей Еуразиялық одақ елдерінде роуминг болмауы мүмкін. Яғни, Ресейге немесе Беларусь еліне барғанда, Қазақстанда жүргендей, бір тарифпен сөйлесе бересіз.  

Нұрлан Алдабергенов, Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі: 

2015-жылдан бастап, роуминг мәселесін шешкелі отыр. Қазір осы мәселе бойынша біз де жұмыс істеп жатырмыз. Оны 2-3 жылдың ішінде бітіруіміз керек.

Кездесу емен-жарқын әңгіме түрінде өтті. Үш елден келген БАҚ өкілдері Еуразиялық комиссияның министріне сан түрлі сауал қойып, оған тұщымды жауап алды.

Жиында 3 елдің беделді басылымдары өзара ақпарат алмасып тұруға да келісті.  

Вадим Гигин, «Беларуская думка» журналының бас редакторы:

 Менің ойымша,  Еуразиялық одақта келісілген ақпараттық саясат болуы керек. Біз болып жатқан өзгерістерді, жаңа мүмкіндіктерді халыққа жеткізуіміз керек. Ал, егер мұның бәрі айтылмайтын болса, тиісті насихат жасалмаса, онда интеграциядан не пайда?!

Алдағы уақытта мұндай отырыстар жалғасады. Тіпті,  Мәскеуде арнайы баспасөз орталығы ашылып, комиссияның өзге де мүшелері журналистермен жиі кездесіп тұратыны белгілі болды.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу