2015 жылы екі ақылы жол іске қосылады (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2015 жылы екі ақылы жол іске қосылады (толығырақ)

24.06.2014
Келесі жылдың қаңтарынан бастап, тестілік режимде Астанадан Атбасарға дейінгі және Қызылордадан Шымкентке дейінгі тасжол ақылы болады.
 
Бүгін Үкімет отырысында елдегі автожолдардың жай-күйі мен өңірлерді газдандыру сызбасы және жекешелендірудің кешенді жоспарын жүзеге асыру тетіктері қаралды.
 
Осы мәселелер бойынша салалық министрлік басшылары ақпарат берді.
 
Қазір жергілікті жолдарды айтпағанда, республикалық маңызы бар тасжолдарды күтіп-баптауға қажетті қаржы тиісті деңгейден 2,5 есеге аз бөлінеді.
 
Бұл жолдың жарамдылығын 9 жылға кемітеді. Сондықтан, қозғалыстарды ақылы режимге ауыстыру енгізілуде.
 
Айта кету керек, екінші санаттағы жол учаскелерінде елде тіркелген жеңіл автокөліктер ғана тегін жүретін болады.
 
Жеңіс Қасымбек, ҚР Көлік және коммуникация министрі:
2022 жылға қарай 7 мың шақырым жол ақылы түрдегі қозғалыс жүйесіне көшеді. Оның 3,5 мың шақырымы - бірінші санаттағы жол. Келесі жылдың қаңтарынан тестілік режимде Атбасар-Астана аралығы және Қызылорда-Шымкент бағыты ақылы болады.
 
Халыққа қажетті тағы бір нәрсе - көгілдір отын. Бүгін Үкіметте елді газдандырудың бас схемасы қаралды. Оның іске асыру тетіктері барлық әкімдіктермен келісілді.
 
Кезекте Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі қалған. 2030 жылға дейін жалғасатын жұмысқа 656 миллиард теңге инвестиция тарту қажет.
 
Ұзақбай Қарабалин, ҚР Мұнай және газ министрі:
Жаңа газ құбырларын салып, олардың ұзақтығын 28 мыңнан 57 мың шақырымға дейін жеткіземіз. Ал, 2030 жылға қарай ел тұрғындарының газбен қамтылуы ағымдағы 32 пайыздан 56 пайызға жетеді. 13 облыс газдандырылатын болады.
 
Дүниежүзілік банк жүргізетін «Doing Business» рейтингісінің алғашқы отыздығына кіру үшін қазір үкімет 54 түрлі шара жоспарлады.
 
Соның бірі - тұрғын үй құрылысындағы үлестік қатынас туралы Заң жобасы.
 
Болат Жәмішев, ҚР Өңірлік даму министрі:
Аталған Заң жобасын бүгін Парламентке енгізу мақұлданды. Онда үлестік қатынасты екі түрлі тетікпен жүзеге асыру көзделген. Біріншісі - құрылыс компаниясы банктен несие алады, ал, үлескер қаржысын құрылыс басталдарда ғана қолданады. Екінші тетік - құрылыс компаниясы ешқандай несие алмайды. Өз қаржысына үйдің қаңқасын тұрғызады. Содан кейін ғана үлескердің қаржысын пайдаланады.
 
Бұдан бөлек, бүгін Үкіметте жекешелендірудің кешенді жоспары тағы бір талқыдан өтті.
 
Онда маңызды нысандар «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпес үшін тиісті шаралар тізбегін жасақтау жайы сөз болды.
 
Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу