Сенат комитетінің көшпелі мәжілісі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенат комитетінің көшпелі мәжілісі өтті

14.06.2014
Сенат комитетінің көшпелі мәжілісі өтті
 
Өндірісті дамытуды мемлекет тарапынан қолдаудың жаңаша бір құралы индустриялдық аймақтар құру. Ол үшін индустриялық аймақтарды басқару, іске асыруға арналған жобалар, құрылатын кәсіпорындар қандай болмақ? Осы және басқа да мәселелер Парламент Сенатының Экономикалық саясат, Кәсіпкерлік және инновациялық даму комитетінің Павлодарда өткен көшпелі мәжілісінде көтерілді.
 
Павлодардағы еркін экономикалық аймақ өткен жылы Елбасы сынына іліккен. Қазір мұнда жұмыс қызу жүріп жатыр. Мемлекет тарапынан инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға 3,5 миллиард қаржы бөлінді.
 
Марат Қынатов, «ЕЭА басқарушы компания» АҚ-ның төрағасы:
Мемлекет басшысы тарапынан айтылған сын, жұмыстың алға басуына дем берді. Үш бірдей компания биыл өнім шығаруды бастады. Олар химиялық сала бойынша жұмыс істеп жатыр. Келер жылы тағы үш кәсіпорынды жаңа жобалар бойынша іске қосу жоспарланып отыр.
 
Еркін экономикалық аймақтың негізгі резиденті «Каустик» акционерлік қоғамы. Бастапқы жобалар бойынша кластерлер құрылуының себебі содан. Бір ескерерлік жәйт, мұндағы 3000 гектар аумақтың әзірге бір мыңы ғана игерілген. Сондықтан, өндірісті әртараптандыру керек.
 
Алексей Фомичев, «Каустик» АҚ басқарма басшысының орынбасары:
Біз Қазақстанның ішкі нарығын каустикалық сода, хлор, тұз қышқылы өнімдерімен толық қамтамасыз етіп отырмыз. Бизнес паркімізде әлі бірнеше өндіріс орындарын ашуға жағдай бар.
 
Құрылуы көп күттірді. Сондықтан, құрылысы енді басталған кәсіпорындар 2017 жылы өнім шығаруды бастайды. Бүгінгі күні еркін экономикалық аймақта жүзеге асырылуға тиіс 45 ірі жоба тіркелді.
 
Елеусін Сағындықов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Бюджетке кіріс кіреді. Кіріс жағы болғаннан кейін әлеуметтік мәселелер шешіледі. Бәсекеге қабілетті. Қазірдің өзінде Ресейден, Орта Азия мемлекеттерінен сұраныс түсіп жатыр.
 
Парламент Сенаты комитетінің көшпелі мәжілісінде индустриялық аймақ құру, шағын және орта бизнесті дамытуға жәрдемдесу, өңірлік жалпы өнімнің көлемін ұлғайтып тұрақты жұмыс орындарын ашу мәселелері қаралды.
 
Болат АМАНБАЕВ
 
 
 
 
 
 

Хабарламаларға жазылу