Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясының кезекті отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясының кезекті отырысы өтті

13.06.2014
Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясының кезекті отырысы өтті
Түркітілдес мемлекеттердің бір тудың астында болып, күш біріктірулеріне ешқандай кедергі жоқ.
 
Оған дәлел - 2008 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы.
 
Бұл ұйымның бесінші жалпы отырысы биыл Әзірбайжан Республикасының астанасы Баку қаласында өтіп жатыр. Онда Қазақстан, Қырғыз, Әзірбайжан және Түркия елдерінің Парламент жетекшілері бас қосып, өзара кеңесіп, келелі мәселелерді талқылады.
 
Ғабит Ұзақбай, тілші:
Түркі мемлекеттерінің бірігуі туралы осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын ұлт зиялылары көтерген болатын. Ешкімге бодан болғысы келмеген түркітілдес елдердің ұлдары осылай бұлқыныс жасаған еді. Сол кезде дәл осы біз тұрған Баку қаласында бірнеше рет басқосулар болды. Бірақ, отарлық саясаттың тегеуріні қатты болды, жоспар соңына дейін іске аспады. Одан кейін бұл ұсынысты алғаш рет 2006 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы  көтерді.
 
Биыл осы түркі ілдес елдердің Парламенттік Асссамблеясының V отырысына қатысу үшін Мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыпов арнайы жұмыс сапарымен Бакуге келді.
 
Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесіп, екі ел арасындағы қарым-қатынасты талқылады. Содан кейін Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясына төрағалық ету Түркиядан Әзірбайжанға өтіп, жалпы жиынның жұмысы басталды.

 Осы орайда, қазір арнайы құрылған төрт комиссия жұмыс істейтін болады. Олардың міндетіне биылдан бастап, қоршаған ортаны қорғау және «жасыл» энергетиканы дамыту жұмыстары кіреді.

Осы орайда 2017 жылы Астанада өтетін EXPO көрмесіне белсенді қатысу жағы қаралып жатыр.
 
Жандос Асанов, Түркі Парламенті Ассамблеясының Бас хатшысы:
Бұл пленарлық Ассамблеяда тағы бір қаралатын мәселе - елдер арасындағы ақпарат ағынын ұлғайту. Бізге қазір түркі тілдерін жетік білетін кәсіби аудармашылар жетіспейді.
 
Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясының құрамын кеңейту үшін өзге түркітілдес елдерге есік ашық.
 
Алыс Еуропадағы венгрлер бүгінгі отырысқа бақылаушы мәртебесін алып қатысты.
 
Енді осы ұйымның аясында Азия елдерінің ықпалын арттыру көзделіп отыр.
 
Қабиболла Жақыпов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Осыған орай, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Шанхайда өткен IV Саммитінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Азиядағы  өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес базасында Азиядағы қауіпсіздік және даму жөніндегі ұйым құру туралы идеясына назар аударғым келеді. Біздің пікіріміз бойынша, бұл ұйым Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тәжірибесін пайдаланып, Азия құрлығының бейбіт жолмен даму процесінде маңызды құралға айнала алады.  
 
Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясының келесі жиыны Астанада өтеді. Яғни, 2015 жылы жетекшілік тізгін Қазақстанда болады. 
 
Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу