Қазақстан - Венгрия қатынасы нығаяды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан - Венгрия қатынасы нығаяды

29.01.2014
Қазақстан - Венгрия қатынасы нығаяды

Қазақстан Еуроодақпен әріптестікті күшейтпек. Осы Кәрі құрлық энергетикалық шикізатқа зәру екені белгілі. Сондықтан, бізде өндірілетін отын көздерінің басым бөлігі осында жөнелтіледі.

Венгрияда осы және басқа да мәселелерге орай халықаралық жиын өтті. Оған Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов та қатысты. 
 
«Қазақстан мен Еуропаның кей елдері арасындағы визалық шектеулер тоқтатылуы қажет. Өйткені, Қазақстан Еуропаға қауіп төндіретін мемлекеттердің қатарынан емес».
 
Будапешт қаласында өткен «Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы серіктестікті нығайту» атты халықаралық семинарда еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов осылай деді.
 
Жиында екі ел сарапшылары аталған ұйымға Қазақстанның кіру мүмкіндігін талқылады. Сондай-ақ, қазақстандық әуе компанияларын «қара тізімнен» шығару, яғни, Еуропаға ұшуына кедергі келтірмеу мәселесі сөз болды. Қауіпсіздік, жасыл экономика тақырыптары да талқыланды.
 
Ерлан Ыдырысов , ҚР Сыртқы істер министрі:
Еуроодақ үшін Қазақстан тек сауда-экономикалық серіктес қана емес, ең ірі энергетикалық әріптес. Бүгінде еліміз Еуроодақ аумағына энергия көздерін тасымалдау бойынша 6-шы орында тұр. Экспортқа шығаратын мұнайдың 70 пайызы осы Еуропа елдеріне тасымалданады. Астанада өтетін ЕХРО-2017 көрмесі де тараптарды осы саладағы ортақ жобаларға жұмылдырады деп сенемін.
 
Шынар Асанқызы, тілші:
Мажарстан - Еуропадағы ең көне мемлекеттердің бірі. Ал, Қазақстанның әлемдік аренада дербес мемлекет ретінде таныла бастағанына небәрі 20 жылдан енді асты. Алайда, мажар мен қазақ халқының арасында ежелден келе жатқан тарих және рухани тамырластық бар. Осы жақындық қос елдің жатырқамай араласуына себеп болып отыр.
 
13 ғасырда Мажарстанға келіп, тұрақтап қалған қыпшақтардың ұрпағы мұнда әлі күнге дейін бар. Олардың қарасы 200 мыңнан асады. Жергілікті халыққа сіңісіп кеткенімен, қаны қазақ екенін ұмытпаған.
 
Ласло Хорват, Қазақстанның Мажарстандағы құрметті консулы:
Мажарстан мен Қазақстан арасындағы тарихи байланыс 21 ғасырда да жалғасын тапқанына қуаныштымын. Біздің елдердің саяси, экономикалық, мәдени байланыстарды нығайтуына еш кедергі жоқ. Осы сапар соның бір айғағы, деп ойлаймын.
 
Сыртқы істер министрлігі делегациясының ресми сапары енді Латвияда жалғасады. Мұнда мекеме басшысы Ерлан Ыдырысов ел президентімен, Парламент төрағасымен кездеспек. Сондай-ақ, жыл сайын өтетін Латвия республикасы елшілерінің кездесуіне қатысады.
 
Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу