Жыл басынан бері еліміздің сауда сөрелерінен 30 тоннаға жуық қауіпті азық-түлік өнімдері анықталған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл басынан бері еліміздің сауда сөрелерінен 30 тоннаға жуық қауіпті азық-түлік өнімдері анықталған

23.08.2019

29 тоннадан астам қауіпті тағам! Санитарлық-эпидемиолог мамандар нарыққа шыққан үлкен көлемдегі тауар түрлерін тәркіледі. Дені — импорттық өнімдер. Ал отандық кәсіпкерлер болса өзгенің қаңсығын таңсық көруді тоқтату керек деп отыр. «Өйткені импортқа есік ашық, ал экспорт мәселесі тұралап тұр»,- дейді.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Осы жылдың алғашқы 6 айының өзінен сауда сөрелерінен 30 тонна қауіпті азық-түлік өнімдері табылған. Ол дегеніңіз, мысалға, біз тұрған мына базардағы азық-түлік көлемімен шамалас. Әрі халық ең жиі тұтынатын тауар түрлері регламентке сай болмай шыққан. Ол сүт өнімдері, құс еті, балық, кондитерлік, аспаздық өнімдер де бар.

Қауіпті тауарлардың жартысынан көбі, яғни 66 пайызы шетелден келген. Әсіресе Ресей, Қытай мен Беларусьтің өнімдері сапасыз болып шыққан. 

Дана Қасқатаева, ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің басқарма басшысы:

Қауіпті өнімдер де болды, оның ішінен және де физика, химиялық талаптарына сай келмеген өнімдер де болды. Құрамынан ішек таяқшалары табылды, зеңдердің және потагенді микроорганизмдер және т.б. көрсеткіштер анықталды. Жалған өнімдер. Құрамында шошқа ДНК-ы жасырылған ет тағамдары, көбінее сәйкес келмейтін өнімдер, жаңа айтып кеттім, басым бөлігі импорттық өнімдер. Олар 66 пайызды құрап отыр. РФ-нан, Қырғыз елінен, Беларусь, Франция, 3-ші мемлекеттің өнімдерінен келіп жатыр.

Өйткені бақылау босаң, қадағалау жоқ деп налыды отандық кәсіпкерлер. Сол себептен шетелдіктер өздерінің өтпей тұрған өнімдерін біздің нарыққа тықпалап жатыр. Осылай деген сүт зауытының басшысы Геннадий Зенченко: «Бұған дереу тосқауыл қойылуы тиіс»,- дейді. Бір ғана мысал, Ресейдің сүті айлап, тіпті жылдап бұзылмайды. Ал біздің өнім 5 күнге ғана жетеді. Демек, сүттің ашып кетпеуі үшін химиялық зат қосылады. Ресейліктер өз нан өнімдерінің 70 пайызына дейін ұн қосылмайды деп мәлімдеді. Бұл да күмән мен күдік тудыратын факт. Табиғи, таза өнімдер өзімізде болса да нарықты импорттық тауарлар жаулап отыр.

Геннадий Зенченко, кәсіпкер:

Біз бәрін ашып тастадық. Барлық мүмкіндікті жасап қойдық. Келіңдер де, саудаларыңды жүргізе беріңдер. Ал енді бізге кім қандай жағдай жасап отыр? Алысқа бармай-ақ, көршілес Қорған, Түмен, Омбы облыстарының қайсысында біздің өнімдер сатылымда тұр? Қазақстандық тауардың 1 проценті де жоқ. Теңдей мүмкіндік неге жасалмайды? Қашан өзімізді сыйлата аламыз?

Қазіргі таңда Қазақстандағы импорттық тауарлардың үлесі 59 пайыз. 2025 жылға дейін олардың көлемін 1,6 есеге дейін төмендетіп, 37 пайызға дейін кемуі тиіс. Кәсіпкерлер палатасы импорт алмастыру бойынша осындай жұмыстар жүргізіп жатырмыз деп сендірді. 

Бейсен Жолболдиев, Нұр-Сұлтан қаласының аймақтық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

 Біз Атамекен тарапынан отандық өндірушілерді қолдау жүргізіп жатырмыз. Жылдың аяғына дейін Нұр -Сұлтан қаласы бойынша отандық тауар өндірушілердің жалпы барлық кәсіпкерлермен біз талдау жасаймыз. Одан бөлек импортты алмастыру бойынша қосымша оларға ұсыныс береміз, жергілікті атқарушы органмен бірге.

Тексерісте анықталған заңбұзушылықтар бойынша жауаптыларға 38 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Жазалау шарасы айыппұлмен шектеліп жатыр. «Ал адам денсаулығы таразыға түскен проблемамен күрес күшейіп, жаза қатаңдауы тиіс. Сонда ғана нәтижеге қол жеткіземіз»,- дейді отандық кәсіпкерлер.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу