Президент Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды

23.08.2019

Индустриаландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аяқталуға таяу. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің басты индустриалды орталығы саналатын Қарағанды облысына жұмыс  сапармен барды. Облыс орталығында елдің индустриалды-инновациялық дамуы жөнінде кеңес өткізді. Екінші бесжылдықтың барысында республика бойынша 500 жаңа жоба пайдалануға беріліпті. Президент «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында орналасқан солардың бірқатарын аралап көрді. 

500 кәсіпорынның бел ортасында Қарағандының құбыр крандарын шығару зауыты тұр.  Неміс технологиясымен жасалады. Сол Германияда шығарылатын өнімнен еш айырмашылығы жоқ. Ең жоғары қысымды көтереді. Кемі 30 жылға дейін шыдас береді. Содан болар «Газпром», «Росгаз» секілді алпауыттардан сұраныс бар.

Асқар Мұқанов, зауыт директорының орынбасары:

Бізде 15 диаметрден бастап, 1200 аралығында қандай тапсырыс берсеңіз, сондай кран жасап бере аламыз. Мұны су тасымалдау, жылу тасымалдау, соңғы кезде мұнай мен газ секторына шықтық.

Ескі-құсқы темірді қайта өңдеп, әжетке жарататын бұл кәсіпорын да Сарырақа арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Әзірге еліміз түгілі Орта Азияда теңдесі жоқ. Сырттай қарағанда тау боп үйіліп жатқан мына қоқыстан  кез келген металл бұйымын жасап шығуға болады. Жылына 50 мың автокөлік шикізатқа айналады.

Асқар Ырзымбетов, жүргізуші-оператор:

Жұмыс өте көп. Төрт машина жұмыс істейміз, күніне әрқайсымыз 65 көлікті буып-түйіп, өңдеуге дайындаймыз.

Әзімжан Оспан, зауыттың бас директоры:

Шредерлік цехта ұсақталып тураған бөлшектер қорыту цехына жіберіледі. Ол жерде ерітіліп, қара және түсті металл алынады. Сосын біз көлік құралынан алынған мотор майларын өңдеп, өндіріс орындарын жылытуға арналған отынға айналдырамыз.

Елімізде 5 миллионнан аса жеңіл көлік тіркелсе, соның үштен бірі – ескірген. Экологтар: «Ескі көліктердің кесірінен ауаға жылына 200 мың тоннадай улы газ таралады»,- дейді. Онымен күресудің бірден-бір жолы – утилизация. Бүгінгі күні зауытқа тапсырылған көліктердің ең көнесі 1948 жылы шыққан «Москвич» маркалы машина екен. Тіпті арасында Президент мінген ескі көлікке ұқсастары да бар боп шықты.

Бұл ғимарат кәсіпкерлік саласына «кросс док» деген жаңа терминді алып келді. Нысанның атауы солай. Логистика саласындағы заманауи кәсіпорын саналады. Алғаш рет Қарағандыда ашылмақшы. Кросс-докта, яғни, жабық павильонда фермерлер өз өнімдерін делдалсыз сата алады. Баға базардағыдан 15-20 пайызға арзан болады деп отыр. Кросс докта бір мезгілде 164 жүк көлігін орналастыруға болады.

Наиль Мунасипов, «Global City» ЖШС коммерциялық директоры:

Қақпа ашылады. Жүк көлігі тура қойманың өзіне кіріп келеді. Тауарын түсірудің қажеті жоқ. Осы жерде тұрып сата береді. Яғни, сату алаңын, сақтайтын орынды жалға алуың еш қажеті жоқ. Нәтижесінде қаншама қосымша шығынды үнемдеуге болатыны өзіңіз есептей беріңіз.

Осы жылдың қыркүйегінен бастап Қарағанды облысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін сынақтан өтеді. Президент жаңадан ашылатын емханаларда болып, пилоттық жобаға дайындығын тексерді. Бұдан соң  Президент елдің индустриалды-инновациялық дамуы жөніндегі кеңеске қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Индустриаландырудың тұтас кезеңінде еліміз бойынша 1 250 жаңа өндіріс орны ашылды. Жалпы құны 8 триллион теңгеден асып жығылады. 120 мың жұмыс орны құрылған. Жаңадан ашылған кәсіпорындардың арқасында елімізде бұрын-соңды шығарылмаған 500-ден астам жаңа тауар түрі өндірілетін болды.

 «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар тауарлар әлемдік базарларға жол тартып та үлгерді. Бірақ жасыратыны жоқ, жаһандық былай тұрсын, өңірлік нарықта да бәсекеге төтеп беруіміз қиындау әлі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ең алдымен дайын өнімді экспортқа шығаруды мықтап қолға алу керек. Қазақстан қазір шамамен 180 тауар түрін экспортқа шығарып отыр. Өзге елдермен салыстырып көрейік, Ресей 358, Беларусь 690, Қытай 1400, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері 1950 тауар түрін экспорттайды. Біз көш соңындамыз. Сондықтан Үкімет отандық  экспорттаушыларды қолдау үшін 500 миллиад теңге қаржы бөліп отыр. Әрине металл экспорты басты бағыт болып қала береді, бірақ өзге де тауар түрлерін көбейту керек.

Біздің Үкіметке жүктелген бір міндет бар. Қарапайым заттар экономикасын дамыту. Бұл дегеніңіз киер киімді, ішер тамақты өзімізде өндіру деген сөз. Түптеп келгенде бұл ұлттық қауіпсіздік үшін қажет. Өйткені қарапайым заттар экономикасы дамыса, импорттың үлесін 40 пайызға дейін қысқартуға болушы еді. Бірақ тағы да сол бюрократия бұғау.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бізде мақтанышпен айта алатындай керемет тауарлар өндіріледі. Сүт өнімдерінен бастап, киім-кешектің түр-түрі бар.  Соларды қолдау мақсатында  600 миллиард теңге бөлу қарастырылған болатын. Бірақ бюрократияның кесірінен оның бәрі бірдей қажетті жеріне жеткен жоқ. Маған келіп түскен 16 тамыз күнгі мәлімет бойынша, бар-жоғы 62 миллиард теңгенің 148 жобасы мақұлданыпты. Демек, мемлекеттік органдар мен банк тарапынан тағы да мәселелер туындаған. Мұны шешуді мен Ұлттық банкке тапсырған болатынмын. Сұрауы жоқ деп ойламаңыздар.

Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу