Шымкентте үш ауысымды мектептер мен оқушыларды тасымалдайтын автобустар мәселесі шешілмей отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте үш ауысымды мектептер мен оқушыларды тасымалдайтын автобустар мәселесі шешілмей отыр

22.08.2019

Шымкент қаласындағы 19 мектепте биылғы оқу жылы үш ауысыммен бастағалы отыр. Алып шаһарда соңғы жылдары мектеп құрылысы қарқынды жүріп жатқанымен,  демографиялық өсім мектеп тапшылығын  шешуге септесе алмай тұр. Тіпті, кейбір білім ұяларының оқушылары мектепке сиыспайтын болған соң, өзге мекемелердің ғимаратын жалға алып, былтыр да сонда оқыған. Енді бірінің балалары  ұстаздарымен еріп барып, көрші мектептің бөлмелерінде сабақ оқуға мәжбүр болды.

Көп мектепте үш ауысыммен оқу бастағалы отырған негізінен бастауыш сынып оқушылары.  Өйткені ересектерге қарағанда олардың оқу жүктемесі аз. Мұндай мектептерде сабақ өзге білім ұяларына қарағанда ерте басталады. Және тым кеш аяқталады.

Жанар Тойлыбаева, Шымкент қаласы №23 мектеп лицейінің  директоры:

     Былтыр №20 мектептің ғимаратында сыныптарымыз оқыған. Биыл да сонда оқиды кейбір сыныптарымыз. Біздің қасымыздан  қосымша ғимарт соғылуда. Біткен соң екі ауысымға көшеміз.

Биылғы алғашқы қоңырау мерекесінде Шымкентте 4 жаңа мектеп ел игілігіне берілгелі отыр. Мұнан бөлек, тағы бір білім ұясының жанынан қосымша ғимарат соғылып, сынып бөлмелері көбейді.       Сондай-ақ жекеменшік әріптестік негізінде мектеп ашу жұмысы қарқын алды.

Айгүл Текебаева, Қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

      Үш ауысымды шешу үшін жекеменшік  мектептер желісі көбейіп отыр. 2018 жылы 4 жекеменшік жаңа мектеп ашылды. Биылғы жылы 2-еу, жыл соңына дейін тағы 5 мектеп ашылатын болады.

Биылғы оқу жылындағы тағы бір қиындық – оқушыларды мектепке көлікпен тасымалдау мәселесі. Шаһар құрамына кейіннен енген 41 елді мекеннің көбі білім ұясынан жырақ.  7-8 шақырым жерге жаяу барып, білім алады. Оның үстіне, кейбір шағын аудандарда әлі көше түспеген, жол да төселмеген.

Ерлан Айтаханов, Шымкент қаласының әкімі:

     Бұл — үлкен проблема. Оқу жылына санаулы күндер қалды. Жол жоқ. Оның үстіне тасымалдау мәселесі де шешілмеген. Осыған байланысты қала әкімінің бірінші орынбасарына шалғай елді мекендегі балаларды тасымалдау мәселесін шешуді тапсырамын.  

Тамыз конференциясына қатысқан қала әкімі, сондай-ақ  шәкірттерді оқулықпен толық қамтамасыз ету, балалар мен жасөспірімдер арасында болатын құқық бұзушылықтың алдын алуға байланысты ұстаздарға нақты міндет жүктеді. Білім саласын дамытудың үш жылға арналған тұжырымдамасын әзірлеуді де тапсырды.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу