Батыс Қазақстандағы Ақсай қаласының көшелері күл-қоқыстан көз ашпай қалды. Қоқыс жәшіктерінің айналасы ит-құс, шыбын-шіркейге толып, қалдықтар жан-жаққа шашылып жатыр. Іргесінде атақты Қарашығанақ кен орны орналасқан, 40 мыңнан аса тұрғыны бар моноқаланың билігі жағдайды реттей алмай отыр. Тұрғындар наразы.
Шаһардағы күл-қоқыстан аяқ алып жүргісіз. Қоқыс жәшіктерінің айналасы айлап тазартылмаған. Күлімсі иістен маңына жақындаудың өзі мұң. Қала қоқыс полигонына айналғандай. Сүйікті шаһардың сүреңсіз кейіпке енгеніне тұрғындар наразы.
Айгүл Әбдімұратова, Ақсай қаласының тұрғыны:
Көптен бері қоқыс жиналмай жатыр бізде. Басқа аулаларда өртенген жағдайлар да болды. Тышқан, крыса, құрттар шығып жатыр. Исі деген, тіптен терезелерді аша алмай отырмыз. Ақшасын төлеп отырмыз. Бір жыл бұрын төлеп қоямыз, жылдың басында.
Бар мәселе – былтыр тұрмыстық қалдық шығаратын кәсіпорын шығынға батып, жұмысын тоқтатудан басталған. Содан бері қала тазалығымен 4 компания айналысып көрген. Бірақ бірде- біреуі бұл істі дөңгелете алмай отыр. Қалыптасқан жағдайды тұрғындар экологиялық апатқа теңеп, дабыл қағуда.
Марат Жомартов, Ақсай қаласының тұрғыны:
«Қоқыс шығаратын бір мекеме бар»,- дейді. Олар енді тендерге қатысқанда өз мүмкіндіктерін біліп, техникасы бар ма, базасы бар ма, соны ойлану керек қой. Мына ауламызда балабақша бар, балалар ойнайды. Қоқысты көріп тұрсыздар, таңертең кешке дейін шыбын үймелеп, исі сасып, жүре алмаймыз.
Ал жергілікті билік тұрғындардың тек төрттен бірі ғана коммуналдық қызметке уақытылы ақша төлейтінін айтады. Жауапты кәсіпорынның қаланы түгел тазалауға қауқарсыз екенін де мойындап отыр. Амал жоқ, көшені кәсіпкерлер күшімен «асарлатып» тазартуға кіріскен.
Амангелді Тоғызбаев, Ақсай қаласының әкімі:
Тендер ұтқан кәсіпорынның өз техникасы жоқ. Жалға алады. Ол — қымбат, айына 1,5 миллион теңге төлейді. Әрі жұмысшылары да тапшы. Қаланы уақтылы тазартуға күші жетпейді. Енді тағы 3 кәсіпорынға қаланы әр аумаққа бөліп, тазалау ұсынылды. Әзірге келісім жүріп жатыр.
Қала әкімі тазалық үшін екі көлік сатып алуға қаражат бөлінгенін айтты. Кейін жалға берілмек. Және бұрынғы қоқыс жәшіктері алынып, орнына жаңа 500 контейнер қойылмақ.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ
