Жекешелендірудің игілігі

31.07.2014
Жекешелендірудің игілігі

Жекешелендіру мемлекетке де, кәсіпкерге де тиімді. Елімізде тоқырау заманында тұралап қалған кәсіпорындар мен тоз-тозы шыққан әлеуметтік нысандарды қарамағына алып, бүгінде кәсібін өрге домалатып отырған жандар жетерлік. Солардың бірі Петропавлда тұрады.

«Айналайын» балалар паркі бұрынғы спорт мектебінің ғимаратында орналасқан. Тәуелсіздікке дейін ірі зауыттардың біріне тиесілі болған нысанды, тоқырау кезінде күтіп-ұстауға қаражаты болмағандықтан жекеменшікке берген. Бүгінде ол қызылжарлық бүлдіршіндер демалатын бірден-бір мәдени ошаққа айналып үлгерді.

Наталья Хан, қала тұрғыны:

Бүгін қызымның туған күнін достарымен бірге осында тойлап жатырмыз. Жалпы, біздің өңірдің табиғаты қытымыр болғандықтан, осындай орталықтың болғаны өте жақсы. Суықта дала кезбей, осында келіп, асыр салып ойнайды.

Бұл нысанның жалпы аумағы 5,5 мың шаршы метр. Қаладағы көрмелер мен мерекелік іс-шаралар  осында өткізіледі. Өсімдіктің 2 мыңнан астам түрі өсіріледі. Сондықтан, балалар көңіл көтеріп қана қоймай, табиғат аясына енгендей болады.

Гюлага Илдырымов, кәсіпкер:

Жалпы, кез келген кәсіпкер тек пайда табуды ғана емес, әлеуметтік саланы дамытуды да ойлауы тиіс. Өйткені, ол  жерде оның балалары, туысқандары демалады. Сондықтан, осы ғимаратты алған кезде бірден ойын-сауық орталығын салуды жоспарладым. Жалпы, жекешелендіруден кәсіпкер де, мемлекет те ұтады.

Қазір «Айналайын» балалар паркінде 65 адам еңбек етеді. Орталық тек балалар паркі емес, көпшіліктің сүйікті орындарының біріне айналды.  Ал, ең бастысы, бұл нысан тоз-тозы шығып кетпей, халық игілігіне жұмыс істеуде. 

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу