Теміртау қаласындағы былтыр аяқталуы тиіс мектептің құрылысы әлі бітпеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теміртау қаласындағы былтыр аяқталуы тиіс мектептің құрылысы әлі бітпеген

15.08.2019

Қарағанды облысының Теміртау қаласында құрылысы мерзімінен кешіккен мектеп биыл  ғана қоланысқа берілмек. Былтырғы оқу жылында білім ошағы есігін айқара ашуы тиіс болғанмен, мердігер компаниялар өзара соттасып, құжаттағы қателіктер құрылыстың кешігуіне себеп болды. Облыстық білім басқармасы 1 қыркүйекте мектеп ашылады деп отыр.  Алайда, нысан әлі күнге дейін коммуналдық меншікке өтпеген.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Оқу жылының басталуына тура екі апта уақыт қана қалды. Алайда, мұнда ешқандай дайындық белгісі байқалмайды. Тек қана құрылысшылар жүр. Тіпті, нешінші мектеп болатыны да жазылмаған. Себебі оқу ордасы ешқандай қарауға берілмеген.

600 орындық мектеп белорустық жоба бойынша салынды. Мұнда тек ұсақ-түйек жұмыстарды істеп құрылысшылар ғана жүр. Ал әдеттегідей осы уақытта жаңа оқу жылына дайындалып, қарбаласып жатқан  ұстаздар қауымы мүлде көрінбейді. Директоры да жоқ. 

Мектеп құрылысы құжат жүзінде 2017 жылдың жазында басталуы керек еді. Алайда мемлекеттік сатып алу конкурсына түскен компаниялар өзара соттасып, тендер иесі тек қараша айында анықталған. Осылайша, құрылыс 2018 жылдың қаңтарында ғана басталды. Бірақ  әу баста жобалық құжатта кеткен қателіктер тағы кедергі болды. Оған қайта өзгеріс еңгізу тек шетелдік авторлардың келісімі арқылы жүзеге асатындықтан мердігерлік компания уақытын ұттырған. Осылайша, ғимарат биыл сәуір айында тапсырылды.

Низами Гаджиев, Теміртау қаласы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Техникалық паспорт дайын. Біз хатымызды, құжаттарды толық әзірлеп  облыстық әкімдікке жібердік. Енді мектепті тапсыру жөніндегі жауапты күтіп отырмыз. Айта кету керек, ғимаратқа 5 жыл кепілдік мерзімі бар. Егер осы уақыт аралығында кем-кетіктер анықталса, мердігерлік компания өз қаражатына қайта жөндейді.

Енді 15 күннен соң сабақ  басталады. Мектеп  әлі коммуналдық меншікке өтпеген. Бірақ «қалайда 1 қыркүйекте жұмысты бастаймыз», -дейді білім басқармасының өкілдері.

Гүлмира Қабдиева, Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

Біз осы аптада мектепті облыстық коммуналдық меншікке қабылдауымыз керек. Шамамен 300 оқушы оқитын болады. Оларға сабақ беру үшін 70 мұғалім жұмысқа қабылданады. Бұл мектеп бойынша ешқандай түйткіл жоқ. Барлығы жақсы.

Білім ошағы дарынды балаларға арналған мектеп болады деп жоспарланған. Қазіргі уақытта 300 шәкірт қабылданып, оларға дәріс беретін ұстаздар конкурстық негізде жұмысқа алынған.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу