Арыстағы жарылыстан кейін мектепке қоныстанған тұрғындардың баспаналары 1 қыркүйекке дейін дайын болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арыстағы жарылыстан кейін мектепке қоныстанған тұрғындардың баспаналары 1 қыркүйекке дейін дайын болады

14.08.2019

Арыс қаласында 420 баспана мен 3 көпқабатты үйдің құрылысын қыркүйек айына дейін аяқтау жоспарланған.  Жарылыс кезінде жалпы  7 200-ге жуық үйге зақым келді,  соның 433-і тұруға жарамсыз күйде. Қазір осы үйлер бастан-аяқ қайта салынып жатыр. Бүгінде тұрғындардың біразы  ауласындағы  аман қалған лашықтарын паналаса, енді біріне ағайыны қол ұшын созды. Ал барар жер, басар тауы жоқ жұртты жергілікті билік  Арыс қаласындағы № 1 мектепке орналастырды. Санаулы күндерде сабақ басталады. Үй-күйсіз жүргендер қайда барады?

 

Гүлжазира Ғалиқызы, тілші:

Жарылыстардан үй-жайы, қора-қопсысы, жеміс салып тұрған ағаштарына дейін жанып кеткен мына үйдің тұрғындары қазір қайда тұрып жатыр екен? Соны анықтап білейік!

Өз үйі-өлең төсегі өртеніп кеткен соң, Жаңагүл ана мектепте тұрып жатыр. Сырқат шалы бар, бір қызы, екі немересімен осында күнелтіп жүргеніне 1 жарым айдан асты. Өздері секілді тағдыр тәлкегіне түскендердің у-шуына да үйренді.    

Жаңагүл Баймұханова, Арыс тұрғыны:

Шуға да үйренейін дедік қой... Жөндеу жұмыстары боп жатыр, красканың иісі болады. Оған да төзіп жатырмыз. Төзбей қайда барамыз...

4 мезгіл тамақ. Киімі бүтін. Қарны тоқ. Бірақ көңілі алаң. Уайымы көп. Алдымыз — күз. Қара суықта далада қаламыз ба деп қорқады. Қалың ойдан құтқаратын теледидар жоқ деп күмілжиді.    

Ал төрт баласы бар Жүнісовтер отбасына мектептің шағын бір сыныбы бұйырыпты. Халықтың қамқорлығына дән риза. Солардың арқасында төсек орын, киер киім, ішер асқа зәру емес. Қоғамдық ұйымдар балаларының мектеп формасын, керек-жарағын түгендеп беріп жатыр.

Динара Жүнісова, Арыс тұрғыны:

Дегенмен өз үйіміз болса дейміз, ертерек бітіп, өз үйімізге кірсек. Қанша дегенмен анамыз ғой, ас үйде жүргіміз келеді. Бала-шағамызбен жұмыс істегіміз келеді үйімізде. Мектеп ұжымына рақмет, барлық жағдайымызды жасап берген. Балаларымызға балабақшадан топтар ашып берді.

Пернегүл Оразбаева, Арыс қаласы №1 мектеп оқу ісі жөніндегі меңгерушісі:

139 отбасы 520 адам тіркелген. Біршамасы пәтер жалдап кетті. Балалары лагерььге кеткендері бар. Кеше тағы отбасы тіркеліп жатыр. Себебі әлі де сносқа кетіп жатқан үйлер бар.

Ал Жаңагүл апа мен Жүнісовтер тұратын әскери  қалашық түбіндегі ескі барак үйлер сол күйі қалады. Оның  орнына қаланың кіре берісіндегі  Дендропарк маңынан дуплекс типті 50 үй салынып жатыр. Онда үйсіз қалған 100 отбасы қоныстанады. Қажетті қаржыны Болат Өтемұратов қоры бөлген. Құрылыс барысын өз көзімен көрген отбасының көңілі орнына түсті.   

Ербол Ахметов, Облыстық құрылыс басқармасының басшысының орынбасары:

Өздеріңіз көріп тұрғандай 6 үйдің құрылысы бітіп, шатырын жауып жатыр. Тағы 38 үйдің іргетасы қаланды. Енді тез арада бітіріп сол әскер қалашық маңындағы отбасыларды орналастырамыз.

«Ал қалған үйлер кесте бойынша салынып жатыр»,- дейді, әкімдіктегілер. Нақтырақ айтсақ, 420 жеке, 3 көпқабатты үйдің құрылысын қыркүйек айына дейін аяқтау жоспарланған.

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу