Батыс Қазақстан облысында 9 жыл бұрын тұтас бір ауыл балалар үйінен 25 ұл-қызды қамқорлыққа алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысында 9 жыл бұрын тұтас бір ауыл балалар үйінен 25 ұл-қызды қамқорлыққа алды

13.08.2019

Батыс Қазақстанда осыдан тоғыз жыл бұрын тұтас бір ауыл балалар үйінен 25 ұл-қызды қамқорлыққа алды. Сөйтіп, ауыл мектебін сақтап қалды. Әрі сауапты іс жасады. Сегізсай ауылы тұрғындарының бұл игілігі өңірге өнеге болды. Өз туғандары өгейсінсе де, өзгенің шапағатын көрген сол балалардың қазіргі жай-күйі қандай?

Сегізсайға Сұлтан сегіз жасында келген. Қазір жасы 17-де. Көрші аудандағы мектеп-гимназияда оқиды. «Алтын белгіге» үміткер. Атасы мен әжесін қатты жақсы көретінін айтады.

Сұлтан  Мұқашев, оқушы:

Отбасында 4-еуміз, мамам, екі апам, мен. Екі апамның біреуі Алматыда оқиды. Үлкен апам шетелде оқып келді, қазір жұмыс істеп жатыр. «Атаның үйі» дейміз осы үйді. Осында жиі келіп тұрамын, көмектесіп, ойын ойнап. Бәріміз басымызды қосып, арасында күліп, әзілдесіп аламыз.

Сұлтанның туған отбасы боп кеткен Сүйіндіковтер әулеті 2010 жылы қамқорлыққа 3 бала алған. Артур, Салтанат есімді ұл-қыз да осындағы бауырларымен бір атаның баласындай өсіп келеді.

Толғанай Тұқышева, Сұлтанның әжесі:

Алдында екі апасы бар. Оларды бірден «апа» деп айтасың» деп үйреттік. Екі апасына «мынау —  інілерің» деп үйреттік. Жақсы, міне, қазір бәрі, үйде.

Ал Гүлнұр Сегізсай ауылына 1-сыныпта келген. Қазір Шыңғырлау колледжінде оқиды. Өнерлі қыз бауырмал, әрі мінезі ашық екені байқалады.

Гүлнұр Нұрланқызы, Шыңғырлау колледжінің студенті:

Мен актриса болғым келеді негізі. Осы 3-ші курсты бітіріп, қалаға барып, өзімнің армандаған оқуымды оқысам деген ойдамын. Отбасым өте мейірбан жандар. Мен келгелі бері оларды өзімнің туғанымдай қатты жақсы көріп кеттім.

Анасы алғаш бала алуға барғанда Гүлнұрдың «мама» деп алдынан шауып шыққанын елжіреп еске алады. Содан бері туған қызындай көреді.

Гүлайым Төремұратова, Гүлнұрдың анасы:

Гүлнұр қызымды 2010 жылы алдым. Оралдан барып алып келдім. Ол кезде 7 жаста болды, қызым. Қазір енді 16-да. Үйде өзімде 1 бала, 1 қыз еді. Тез бауыр басып кеттік. Келгеннен тек «мама-папа» дейді, әлі солай.

Сегізсай ауылына осыдан 9 жыл бұрын 15 ата-ана 18 бала әкеледі. Кейін тағы 7 бала осы мекеннен армандаған отбасын табады. Мақсат – мектепті сақтап қалу еді. Қазір балалардың барлығы да осы ауылда, ешкім жатсынып жыраққа кетпеген.

Гүлнар Жоламанова, Сегізсай негізгі орта мектебі директорының міндетін атқарушы:

Қазіргі таңда алған балалардың екеуі — Отан алдындағы борышын өтеп келіп, ата-аналарымен бірге тұрып жатыр. Колледж бітіріп келіп, жұмыс жасап, еңбек жолдарын бастап кеткендері бар. Барлығы да жақсы, үлгерімі, тәртібі. Осы ауылға келген баланың барлығы да сіңісіп, бір үйдің балсындай боп кеткен.

Бүгінде халық саны азайған шағын ауылдардағы мектептер жабылып қалып жатыр. Бұл бағытта сегізсайлықтар өзгеге өнеге. Әрі сауапты ісімен талайды тәнті етеді.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу