Келе жатқан Құрбан айт мейрамына дайындық жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Келе жатқан Құрбан айт мейрамына дайындық жүріп жатыр

07.08.2019

Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен кейін басталатын Құрбан айт та жақындап келеді. Биыл ұлық мереке 11 тамыз, яғни жексенбі күні басталады. Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбандық шалу барысында орындалуы тиіс талаптарды атады. Құрбан шалуға болатын орындар бекітілді.

Қайрат Тілегенов құрбандық шалу үшін белгіленген орындардың бірі — Қосшы ауылы маңындағы ет базарында жұмыс істейді. Қасапқана алдағы қарбаласқа толы күндерге дайындық үстінде. Бүгінде мұнда санитарлық - тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қара малды да әкеле бастаған.

Қайрат Тілегенов, ет базарының менеджері:

Келіп, сұрап жатыр. Алдын ала алып қояйық дейді. Ондай біз жұмыс істемейміз. Келеді 11 күні. Бәріне жетеді. 3 мыңдай қой бар. Соның бәрін әкелеміз. 9-да бастаймыз. Әкелеміз, орналастырамыз осы жерге. Қара мал да дайын. 100 бас дайындаймыз ғой. Мешіттен келіп жатыр кісілер. Бәрін көріп жатыр, бәрі дайын. Соятын жер, лаборотория бар. Таза.

Елорда әкімдігі құрбандық шалуға арналған орындарды бекітті. Атап айтсақ, Байқоңыр ауданында 4 орын белгіленсе, қаланың қалған аудандарында бір-бір қасапқанадан жұмыс істейтін болады.

Бүгін әкімдікте өткен кездесуде  Қоғамдық даму істері бойынша басқарма өкілі мал бағасының негізсіз көтерілуіне жол берілмейтінін айтты. Бұл ретте әкімдік тарапынан қатаң бақылау қолға алынбақ. Бекітілмеген орындарда мал сойылмауына да ерекше маңыз беріледі.

Әділет Төлеутаев,  Қалалық қоғамдық даму істері басқармасының Діни бірлестіктермен, миссионерлермен және теологиялық оқу орындарымен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы:

Малдың бағасы бойынша базар басшылықтарымен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. 11 тамызға дейін олармен тағы да кездесеміз. Яғни, әлбетте, қазір мереке болғандықтан, малға деген сұраныс өте жоғары болады. Сұраныс көп екен десек те, мал мен ет бағасын шамадан тыс көтертпеуге тырысамыз. Жалпы, былтырғы жылдың тәжірибесі бойынша ұсақ малдың – қойдың ең қымбат бағасы 40-50 мың теңгенің шамасы болуы мүмкін. Ал негізі, қойдың құны 20 мың теңгеден басталады. Тиісінше, қойдың жасына байланысты баға әртүрлі болуы ықтимал. 

 Құрбандыққа әр адам бір қой немесе 7 адам бірігіп бір ірі қара мал шалуға болады. Құрбан шалуды айт намазынан кейін бастап, айттың үшінші күні күн батқанға дейін союға болады. Айт намазына дейін шалынған мал құрбандық боп есептелмейді. Үш күндік Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні елімізде демалыс болып бекітілген.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу