Жайық өзеніне қауіп төніп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жайық өзеніне қауіп төніп тұр

06.08.2019

Жайыққа қауіп төнді.  Мемлекеттік маңыздағы  ірі су айдыны күннен күнге құрғап барады. Кезінде ернеуінен асып тулап жататын өзен, бүгінде аянышты күйде. Табаны таяздап, арнасы тарылды. Кесірінен өзеннен нәр алатын жекелеген шаруашылықтары шағынға батуда.

Тәжірибелі балықшы Михайль Воблевті  Жайықтың бүгінгі  жағдайы алаңдатады. Оның өзенге қармақ салғанына  40 жылдан асты. Соңғы уақытта қанжығасы бос қайтып жүр.

 

Михайль Воблев, балықшы:

Міне, үшінші жыл Жайықта балық шамадан тыс азайып кетті. Су деңгейінің түсіп кетуі, балықтың миграциясына әсер етіп тұр. Таяз суға балық,уылдырық шашуға мүлдем келмейді. Мен тіпті жайықтың кейбір жерлерін белуардан кешіп өтемін.

 

Жандос Темірғали, тілші:

 Аққулы һәм гәккулі өзен атанған Ақжайықтың бүгінгі ахуалы осындай. Таязданып, тіпті кейбір жері құрғап қалған. Арнасы да түсіп кеткен. Суды дәл осылай кешіп, арғы бетке өтуге болады. Судың аз келуінен тіпті өзен екіге бөлініп, ортасында мынандай аралдар пайда болған.

Тіршілік нәріне байланған жұрттың көңілі алаң. Жайық саяз тартқалы  шалғайдағы шаруаларды сумен қамтамассыз етіп отырған мекеме шығынға батты.

 

Аманғазы Қабдолов,  «Қазақстан су шаруашылығы» РМК Атырау филиалының жетекші гидротехнигі:

Насостың тұрған жерлерінде, каналдың тұсында судың болмауы, екі көтеріліммен айдауымыз, бізге көп кедергісін келтіруде. Шығынымызды көбейтуде, былайша айтқанда.

Жайық өз деңгейінен 2 метрдей түсіп кеткен. Қазір өзеннің тереңдігі 1 жарым метрден сәл асады. Ал ең таяз жері тобықтан келеді.

 

Серікқали Дәуленов, Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімінің  бас маманы:

 Бұл судың әлі күзге дейін деңгейі түсе береді... Кей жерлерден біз өте алмай, қайығымызды жігіттер итеріп шығарады.

Өзеннің күн санап құрғауына көптеген факторлар әсер етуде. Соның бірі — Жайықты қарайтын мемлекеттік мекемелердің бір арнаға тоғыспауы.

 

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының Депутаты:

Жайық өзенінің өзін 3 түрлі комитет қарайды. Бұл комитеттердің әрқайсысының өз бағдарламасы бар. Жоспары бар. Міне, олардың арасындағы іс-әрекеттер кей кезде үйлесімділік таппайды. Сондықтан болашақта, үкімет мұның бәрін бір жерге топтастырып, бір министрліктің құзіретіне бергені дұрыс деп ойлаймын.

Жайықты сақтап қалу үшін  жергілікті билік қарекетке көшті.  Қазір су айдынында  ғылыми зерттеу жұмыстары басталды. Сондай-ақ  балық жүретін арналар тереңдетіліп жатыр.

 

Жандос ТЕМІРҒАЛИ

 

 

Хабарламаларға жазылу